Алматылық кәсіпкер: «мені жындыханаға жауып, бизнесімді тартып алды»

109

Алматыдағы стоматологиялық клиниканың негізін қалаушы Жеміс Айдарбекова  алаяқтық жолмен бизнесін тартып алған экс-жұбайымен соттасуда. Ол төрт жыл бойы құқық қорғау органдар тарапынан тиісті әрекеттер көрсетілмей және немқұрайлық танытқандықтан, әділеттікке қол жеткізе алмай жүргенін айтты.

Ж. Айдарбекова журналистерге өз оқиғасын айту үшін Алматыдан Астанаға келді.

«4 жыл бойы конституциялық құқықтарымды, бизнесімді қорғауда әділеттілікке қол жеткізуге тырысып келемін.

Мені психиатриялық емханаға мәжбүрлі түрде жауып, табысты кәсібімді алаяқтық жолмен тартып алды», – дейді ол.

Айдарбекова білімі бойынша дәрігер. 15 жыл бірге тұрған жұбайынан ортақ некеде үш баласы бар. 2007 жылы ол Алматыда «SP Clinic» стоматологиялық клиникасын ашты. Онда бұрынғы күйеуі Р. Гаджиев қарапайым тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Алайда, ерлі-зайыпты отбасылық мәселелер мен сатқындық әрекеттерден кейін біраз жылдар соттасып келеді.

«Ол ажырасу кезінде бәрін жоғалтып аламын деп қорықты, өйткені бастапқыда бизнесті құрған – мен. Барлық қаржылық инвестициялар менің ата-анамнан алынған. Компанияны жалғыз басқардым және жобаны кеңейту үшін банктен қаржы алдым. Ол отбасын сақтап қалу сылтауымен психологқа баруды ұсынды. Біз оның танысы әрі бұрынғы әріптесіне бардық. Жарты сағаттық консультацияның нәтижесінде дәрігер маған психиатриялық диагноз қойып, әсері қатты психотроптық дәрі-дәрмектерді берді. Кейін белгілі болғандай психологтың лицензиясы мен арнайы сертификаты болмағандықтан, ем тағайындауға құқығы жоғын білдім. Маманның мұндай қорытындысы бұрынғы жұбайымның мені балаларымның анасы, табысты кәсіпкер және жалпы әйел ретінде беделімді түсіру жоспарына негіз болған», – деді Айдарбекова.

Оның айтуынша, экс-жұбайы Руслан Гаджиев өзіне ескертпестен басқа дәрігерлерге де қоңырау шалып, диагноз қорытындыларын жасатып алған. Әрі қарай ол Мәскеуге барып, кеңес алуға көндірді.

«Ауруханада ауызша жанжал болып, ол физикалық қауіп төндірді. Маған «осы клиникадан шықпайсын. Егер қарсылық көрсетсең, тірі кетпейсің» деді. Артынша маған белгісіз инъекция жасалып, үш күн ес-түссіз жаттым. Олар мені 10 күн ұстап, емдік демалысқа шығарды. Елге оралған соң, балалардың көзінше арандатушылық әрекеттерін көрсетті. Нәтижесінде ажырасуға өтініш беру туралы шешім қабылдадым. Жақсы қарым-қатынасты сақтап, балаларға қауіпсіз жағдай жасау үшін оған компаниядағы үлесімнің 50%-ын беруге дайын болдым», – деді жәбірленуші.

Ерлі-зайыпты бейбіт келісім жасасқан. Айдарбекованың айтуынша, Руслан Гаджиев құжатта үйден бас тартып, өзіне тек Алматыдағы бизнесті қалдыруды өтінген.

«Келісімге қол қойғаннан кейін, ол мүлде ештене бергісі келмегенін түсіндім. Біз мүлікті бөлу бойынша азаматтық талап-арыз дайындадық және соттың кезекті отырысында экс-жұбайыма басқаруға берілген компаниям оның досына берілгенін білдім. Менің жазған арызымның негізінде Алматы қаласының полиция департаментінде Р.Гаджиевке алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу 2020 жылы басталғанымен, іс әлі орнында тұр», – деп толықтырды ол.

Алматылық кәсіпкер 4 жылда бірнеше рет прокуратура және Алматы ІІД басшылығының, оның ішінде Алматы қаласы прокуратурасындағы тергеу басқармасының басшысы Асхат Шәріповтің, ІІД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қайрат Нұрмағамбетовтың қабылдауында болды. Сондай-ақ Президенттің, Бас прокурордың, Ішкі істер министрінің атына 100-ден астам арыз-шағым жазған. Алайда, нәтиже мүлде жоқ.

«Мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың қандай жүйесі бар екенін және процессуалдық шешімдер қалай қабылданатынын түсіндім. Бірнеше рет құқық қорғау органдарына компаниямда мүлік пен активтердің үшінші тұлғаға сатылуы туралы арыздар жаздым, бірақ бәрі пайдасыз. Менің Президентке, Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға жазған көп өтініш, арыздарымның нәтижесінде істі тергеу сәуірде Алматы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды. Тергеу орнынан қозғалып, алаяқтық пен бизнесімнің рейдерлігі туралы фактілер анықталды. Бірақ 16 мамыр күні қала Прокуратурасынан қылмыстық іс қайтадан ЭТД-не тапсырлығаны туралы хабарлама келді», – деді ол.

Оның айтуынша, істі тапсыру туралы қаулыға 19 мамыр күні Алматы прокурорының орынбасары Н. Ибраймолдаев қол қойған.

«Соңында қылмыстық іс 3 жыл ешқандай әрекет жасамаған Полиция департаментіне қайта тапсырылды.

Кейін 13 маусымда қылмыс құрамының болмауына байланысты іс мүлде тоқтатылғанын және бұрынғы жұбайым компаниямның үлесін сыйға тарту арқылы «иеліктен шығарғанын» білдім. Аталмыш мәмілені заңсыз деп тану туралы сот шешімі болғанымен, Р. Гаджиев менің келісімімсіз барлық мүлікті сата бастады.  

Үш жылда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көрсеткен немқұрайлығы мен жауапсыздығы компаниямды банкротқа ұшыратуға және оны рейдерлік басып алуға мүмкіндік берілді», – деді Жеміс Айдарбекова.

Ол Президенттен бұл істі бақылауға алып, өз құқығын қалпына келтіруге көмектесуін сұрайды.

https://turkystan.kz/article/228106-almatylyk-kesipker-meni-zhyndyhanaga-zhauyp-biznesimdi-tartyp-aldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.