Алматыда дәмханадан жеткізілген сусынды ішкен ер адамның өңеші күйіп қалған

50

istockphoto

Алматыда дәмханадан жеткізілген сусынды ішкен ер адамның өңеші күйіп қалған: 28 ақпан 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Алматыда дәмханадан жеткізілген сусынды ішкен ер адам ауыр химиялық күйік алды. Тапсырыспен келген «компоттан» бір ұрттам ішкеннен кейін оның ауыз қуысы мен өңеші күйіп ауруханаға түскен. Туыстары бұл жағдайды қасақана жасалған әрекет деп отыр. Қазір оқиғаның мән-жайын полиция анықтауда, деп хабарлайды «КТК» арнасы.

Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, отбасы дәмханадан тамаққа тапсырыс берген. Тапсырыспен бірге «компот» деп жеткізілген сусыннан ер адам бір ұрттам ішкен бойда, аузын күйдіргендей әсер алған. Ол сұйықтықты бірден түкіріп үлгергенімен, осы уақыт ішінде ауыз қуысы, өңеші мен асқазаны зақымданып үлгерген.

«Қазір не істерімді де, не айтарымды да білмеймін. Балаларым тамаққа тапсырыс берген еді. Тамақпен бірге «компот» деп сусын әкелген. Бірақ компоттың орнына әдейі у берілгендей. Оның үстіне қасиетті Рамазан айында болған жағдай. Оның орнында кішкентай бала болуы да мүмкін еді. Кез келген адам болуы мүмкін. Енді әр жолы тамақ ішкенде немесе сусын ішкенде қорқатын болдық», — дейді жәбірленушінің туысы Саодат Жураева.

Салдарынан 27 жастағы ер адамның ішкі ағзалары мен бет терісі де күйік шалған. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер химиялық күйік диагнозын қойды. Қазір ақ халаттылар оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

«Өңештің екінші дәрежелі химиялық күйігі және терінің бірінші дәрежелі химиялық күйігі диагнозы қойылған пациент түсті. Қазір оның жағдайы тұрақты. Теріс динамикасыз. Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетілуде», — дейді Орталық клиникалық аурухананың бөлімше меңгерушісі Ақшолпан Шарапханова.

Болжам бойынша, бөтелкеде тұрмыстық химиялық зат болуы мүмкін. Дегенмен сұйықтықтың нақты құрамын анықтау үшін арнайы сараптамаға жіберілді. Ал полиция тексеру жұмыстарын бастап кетті.

«Сот-медициналық сараптама және басқа да сараптама зерттеулер тағайындалды. Нәтижесінде ер адамның ненің салдарынан күйікке шалдыққаны анықталатын болады. Егер қылмыс құрамы анықталатын болса, онда қылмыстық кодекстің нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті шаралар қолға алынады», — дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жәбірленушінің жақындары бұл жағдай қасақана жасалған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Олар істің әділ қаралып, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етуде.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/277059-almatyda-damxanadan-zetkizilgen-susyndy-isken-er-adamnyn-onesi-kuiip-qalgan

Leave A Reply

Your email address will not be published.