Алматы тұрғыны үш жыл бұрын сатқан Lexus көлігін өзі ұрлап кеткен

47

Фото: polisia.kz

https://turkystan.kz/article/265057-almaty-turgyny-us-zyl-buryn-satqan-lexus-koligin-ozi-urlap-ketken
Алматыда ер адам үш жыл бұрын сатқан Lexus көлігін өзі ұрлап кеткен деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz медиа-порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласының криминалдық полиция қызметкерлері жол талғамайтын автокөліктің ұрлану дерегін ашты.

Қылмыс мұқият жоспарланғанымен, полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында күдікті анықталып, қолға түсті. Белгілі болғандай, көліктің бұрынғы иесі, 1982 жылы туған азамат, үш жыл бұрын автокөлігін сатқан, алайда қосалқы кілтін өзінде алып қалған. Кейін ол жеке пайданы көздеп, көліктің қазіргі тұрған орнын анықтап, қосалқы кілт арқылы ұрлық жасаған.

Қылмыс ізін жасыру үшін күдікті алдын ала дайындалған: бетперде, ауыстыратын киім сатып алып, ұрлықтан кейін сырт келбетін өзгертіп, бейнебақылау камераларына түсіп қалмауға тырысқан.

Ұрланған көлік қаланың шетіне жасырылған, кейіннен оны полиция қызметкерлері тапты.

«Қылмыс қаншалықты мұқият жоспарланса да, жауапкершіліктен құтылу мүмкін емес. Заңды бұзған әрбір адам оның жазасыз қалмайтынын білуі керек. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ол өз кінәсін мойындап, жауап беріп жатыр. Автокөлік тәркіленді», — деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/265057-almaty-turgyny-us-zyl-buryn-satqan-lexus-koligin-ozi-urlap-ketken

Leave A Reply

Your email address will not be published.