«Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасының мақсаты — сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейінгі алғашқы күндері қоғамда әлеуметтік бейімдеу үшін жағдайлар жасау, әлеуметтік-психологиялық, тұрмыстық және жұмысқа орналастыру жөнінде көмектер көрсету, туыстық байланыстарын нығайту болып табылады. Бұл жобаға тек қана Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері ғана емес оған уәкілетті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар да қатысады.
Жуырда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/5 мекемесінен жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыруына байланысты 3 азамат босатылды. Әлеуметтік жобаны іске асыру мақсатында әуелі жиын өткізіліп, оған Тараз қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің маманы Н.Косалиев, Жамбыл аудандық Пробация қызметінің инспекторы әділет аға лейтенанты Қ.Ж.Қалдыбаев қатысты.
Басқосу барысында жұмыспен қамту орталығының маманы Н.Косалиев «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» негізгі бағыттары жайлы айтып өтті. Ол өз сөзінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының мүмкіндіктері туралы, жұмыс күші тапшы өңірлерден жұмыс күші артық өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесуі, жұмысқа орналастыруға қолғабыс жайлы және «Еnbek.kz» интернет-порталы базасында халықты жұмыспен қамту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу саласында ақпараттық қызмет көрсетілетіндігі жөнінде толыққанды ақпарат берді.
Бұдан кейін, Жамбыл аудандық пробация қызметінің инспекторы Қ.Қалдыбаев бостандыққа шыққан азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету көлемі бойынша және пробациялық бақылау жайына тоқталды. Сондай-ақ мамандар сотталғандар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Жиын соңында мекеме қызметкерлері сотталғандарды мекеме қақпасынан бостандыққа шығарып салды.
Ж. Сулейманова,
Жамбыл облысы бойынша
ҚАЖД ЖД-158/5 мекемесінің
САТӘПЖҰБ БСЕжТО тобының
аға инспекторы,
әділет аға лейтенанты