ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БАСТЫ НАЗАРДА БОЛАДЫ

102
Күні кеше аудандағы бірқатар нысандарды аралап, қолға алынған жұмыстардың қарқынын байқадық. Ең алдымен аудан орталығында тұрғын үй соғу мақсатында берілген жер телімдерін көрдік. Жауапты бөлім басшыларына мұнда жүргізілген инфрақұрылым жұмыстарын бақылауда ұстап, талан-таражға түсіп кетпеуін қадағалау керектігін жеткіздік.
Одан кейін Өндіріс ауылдық округінде бой көтеріп жатқан мәдениет үйінің құрылысымен таныстық. Құрылыс жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктердің анықталғанын да айта кетуіміз керек. Алдағы уақытта аталған олқылықтар ретке келтірілгеннен кейін мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының игілігіне берілмек. Бұл жұмыстардың барлығы да қатаң қадағаланатын болады. Сонымен бірге Жайсан мөлтек ауданындағы подстанцияның жағдайын көзбен көрдік. Бұған дейін қала тұрғындары жарықтың жиі өшетінін айтып шағымданатын. Оған қаладағы тоқ кернеуінің тым жоғары болуы себеп болған. Осы олқылықты ретке келтіру үшін бұрнағы жылдары аталмыш подстанцияның құрылысы басталғанымен, аталған жұмыс толық аяқталмай қалған. Сол себепті мұндағы жұмыстың бағытын айқындап, нақты шығынды есептейтін боламыз. Аталған жұмыстарды бір жүйеге келтіріп, қолға алынатын жұмысты алдағы жылдың жоспарына енгізетін боламыз. Бұдан бөлек, Қант зауыты мөлтек ауданындағы қоқыс полигоны мен Қосқұдық мөлтек ауданын ауыз сумен қамтып отырған су жинау мұнарасының жағдайын да көрдік. Қоқыс полигоны бойынша оның аумағын кеңейту жұмыстары жан-жақты сараланып, жуық арада нақты жұмыстар қолға алынатын болады. Сонымен қатар, бұрынғы №24 СПТУ білім ошағының маңындағы жатақханаға да бас сұғып, қазіргі жағдайымен таныстық. Жатақханаға бірнеше жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға берілген. Алайда, мұндағы тұрғындар үйлерінің суық екенін айтып шағымданған болатын. Осыған орай, алдағы уақытта жатақхананың бірінші қабатындағы кіреберіске талапқа сай есік орнату және одан өзге де мәселелерді ретке келтіру жұмыстарын жоспарлайтын боламыз.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.