«Әлемдік аренада бұл тұқым мойындалмаған»: Өскеменде орыс қызы қазақ тазысын әлемге танытып жүр

171

«Бабаларымыз бағзы заманнан жоғары бағалаған»

Елена Витальевна еліміздің әр түкпіріне дүркін-дүркін хат, тұқымы текті жануарды Халықаралық кинологтар федерациясына (ары қарай ХКФ, ағылшынша FCI) таныту тетігін жан-жақты қарастырып жатыр. Солай етіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Жанын қынжылтатын нәрсе – түрлі пысықайлардың орынсыз әрекеттерінен тазының таза қаны бұзылып, тұқымындағы өзгерістерге алып келуде.

“Қазақы тазы мен орыстың қылшық жүнді тазы итін қазақ қоғамында ұлттық құндылықты жоғалтудың алғашқы қадамы деп білуіміз керек”, – деді мәселе тиегін ағытып.

Сонда екеуінің қанын араластырудағы мақсат не? Көп адам егер қылшық жүнді тазының қаны араласса қазақи тазы аңға шыққанда бүркітше шүйіліп келіп, жемтігін қас пен көздің арасында бүріп алып, ұмар-жұмар етеді-міс. Сол сияқты түркіменнің салюкиін іске араластырса тұрпаты одан әрі сұлулана түсетін көрінеді.

“Олай етуге болмайды. Ата бабамыз иттің осы бір асыл тұқымын қолға үйретті. Тазының өзіне ұқсас тұқымдардан айырмашылығы неде? Біріншіден, орыстың қылшық жүндісінен гөрі әлдеқайда төзімді. Қылшық жүнді тазы қысқа қашықтықты әп сәтте еңсергенімен, ұзай түссе ентігіп, соңында ит иесі ерге өңгеріп, болмаса арбаға салып жүреді. Түркіменнің салюкиі мен орыстың тазысы иіс алудан бұрын көз алдындағы аңға ғана шабады. Ал қазақы тазыда екеуі де бар”, – дейді жерлесіміз.

Мұнымен қоса, бабаларымыз заманында киіз үйдің бір бұрышынан орын беріп, бағасына жеткен тазы адам айтса нанғысыз төзімділікке ие көрінеді. Өкінішке қарай, қазір біртіндеп ағылшын тазысын (грей) асырау сәнге айналып келеді.

“Иә, ол да жаман емес. Құлағы қазақи тазыдан кішірек әрі артқа қайырылып тұрады, дене бітімі ірі. Ал терісі жұқа. Қара суық пен қысқа тоңғақ келеді. Қазіргі ит әуесқойлары тазы өсіруді қойып, ағылшынның грейін әкелуге әуестенген. Оларға «Екі жыл қыста байқап көріңдер. Тоңып, мазасы кеткен соң қайта бас тартасыңдар» деп айттым”,  – дейді тазы жанашыры.

Қажет кезде күшін үнемдейді

Осыны мысал ете отырып, кейіпкеріміз қайтадан тазының ерекшелігіне тоқталды. Алаш баласының көнеден үзілмей сақталып келе жатқан сарқытының бірі – саятшылық. Тазысыз аңшылықтың құны төмен. Олар сәйгүліктің соңынан күн ұзаққа, тіпті тәуліктеп еріп жүруге қауқарлы. Кейде айналаның сан алуан құпиясына алданып, қамсыз келе жатады да аяқасты бойын тіктеп, сыбдырды естісе иіс ала жөнеледі. Салт атпен сайын даланы шарлап шыққан егесі тоқтап, атынан түсе бастаса, тазы да жер бауырлап жата қалады. Осылай күшін үнемдейді.

“Иә, Ресейдің қылшық жүндісі қарға адым жерге жеткізбей кетуі мүмкін. Десе де соған сәйкес тез шаршайды. Ол аздай, марал, елік, түлкі дейсіз бе, соңынан түссе сүт пісірім уақыт өтпей сілікпесі шыға бастайды, ал тазы әлі қуып келеді”, – деген пікірден-ақ қазақы тазының қанын өзге тұқымдармен шатыстырудың еш жөні жоқ екендігін аңғардық.

Бұл жерде қылшық жүндінің қазақи тазыны қысқа қашықтықта қапыда қалдыруының бір себебі – ол жақта жер жағдайы жазық келеді. Сондықтан бағытын кілт бұрмай, алға басады. Дәл сол тұқымды елімізге әкелген соң бірқатарының аяғы сынып, аңға жете алмаған. Себебі, таулы, қыратты жерде жемтік (қоян, түлкі) бас сауғалаудың қамымен кілт бұрылып жатады. Ал қазақы тазы мұндай қитұрқы әрекеттердің бәріне әзір. Керек десеңіздер, көз ілеспес жылдамдықпен ағып келе жатып, лезде солға, не оңға бұрылатын ит тұқымы ілуде біреу ғана болар.

«Облыстағы тазылар шыңылтыр аязға төзімді»

Елена Витальевна тазы мен неміс овчаркасынан бөлек, үйіне қаңғыбас иттерді де паналатқан. Түрлі тұқымды иттер үріп, шәуілдеп жатса, тазы ғана үйдің бір бұрышында тып-тыныш жататын көрінеді. Басқа иттер маза бермей, сес көрсетсе, әп-сәтте қанын ішіне тартып, сұстана қалады. Осыдан барып, Хардина ханым тазыны мүлде қиындық туғызбайтын, әуре-сарсаңға салмайтын ақылды да парасатты жеті қазынаның бірі дегенге тоқталды.

“Арғы бабаларымыз бағзы заманнан табиғи іріктеу жүргізген. Малға шапты ма, адамға жүгірді ме – атып тастады. Қазақ жерінің ұлан-ғайыр алқапқа ие болып, климатының өзгеріп отыруы тазы өсіруде орасан басымдық беруде. Алматыда күн ыстық, иттері де ұсақ келеді. Бауырын жазып жүгірейін десе қар жоқ. Шығыста қыс қытымыр, күз ортасындағы қара суық та өтімді. 10-15 жыл бұрын Алматыдан тазылар әкелгенде қыста жүндері қалыңдамай, қатты жаураған еді. Ал облысымыздағы тазылар шыңылтыр аязға үйреніскен, былайша айтқанда күн суытқанда «киініп алады», – дейді таза асыраушы әйел.

Кейіпкереміз облыстағы тазылардың нақты санын айту мүмкін еместігін жеткізді. Анығы сол, ел көлемінде текті тұқымдылардың саны – 1000-нан асып жығылады. Осы ретте тазылар санағын жүргізуге семейлік әріптестерінің сүбелі үлесі барын айта кетейік. Әйтсе де өзге аймақтарда қаншама тазы мен күшігіне әлі күнге дейін құжат ресімделмегені өкінішті-ақ. Құжат ресімдемей, оның санын көз мөлшермен айта салу әбестік. Тазының санын көбейтіп, тұрпатын ірілетемін деп алабаймен шағылыстырғандары да болыпты. Бұлай жалғаса берсе, тазының табиғи құндылығы құлдырайтыны сөзсіз.

Әлемде әлі мойындалмаған тұқым

Кейбір мемлекеттер «бір емес, бірнеше ит тұқымымыз бар» деп жар салса, елімізде әлі біреуі де мойындалмаған.

“Бәлкім, бұлай деуім біреулердің қытығына тиер, алайда «Қансонар» қауымдастығының құрылуынан тұқымды тіркеуде бәлендей өзгеріс болды дей алмаймыз. Қайта соның арқасында қара бастың қамымен қаржы игеріп отырғандары бар Біздің тұқымды Халықаралық кинологтар федерациясына тіркеу үшін белгілі бір мөлшерде әртүрлі желідегі тазының санын өткізу қажет. Мәселен, Орал өңірінде ресейлік тазылар болса, біздің өңірде жануардың қаны бөлек. Тазылар қанының бөлек болуына қарай федерациядағылардың тіркеу мүмкіндігі артады”, – дейді кейіпкеріміз.

Мәселен, неміс овчаркасының құжаты түгел, федерацияның тізімінде тұр. Ал қазақы тазы мойындалмаған тұқымдар қатарында. Өжеттігі мен өрлігі қатар қалыптасқан қайсар әйел халықаралық көрмелердің біріне барғанда қазақы тазының мойындалмаған тұқым санатына тіркелгенін көргенде қатты қымсынып, кірерге тесік таппағанын жасыра алмады. Себебі Әлем үшін тазы деген тұқым жоқ. Ал басы бүтін тіркеуден өту үшін федерация жолдаған қатаң талаптарды бұлжытпау керек. Кейіпкеріміздің сөзінше, ХКФ-пен келісімшарт тек Қазақстан кинологтар қауымдастығы арасында жасалған. Тазыны күллі әлемге танытудың жолын жатпай-тұрмай іздеумен жүрген жан түбі бір нәтиже боларына шәк келтірмейді.

Жалпы халықаралық федерация жергілікті қауымдастықпен серіктес болуға кетәрі емес. 2015 жылы Қапшағайдағы иттер көрмесінде ұлттық киіммен қазақы тазыны жүгіртіп жүрген қимылы ширақ, ақсары өңді әйелге бірден назар аударған FCI Президенті Тамаш Яккель «керемет тұқым екен, тізімге тіркеуді қолға алыңдар» депті. Кейіпкеріміз де қандай көрмеге бармасын «Тазыны көрген шетелдіктер қатты таңғалатынын» жасырмады.  FCI қолдап тұр, тек әрекет ету жағы тым сылбыр. Кімнен сұраса да «бар ақпарат миымызда тұр» деп атүсті қарайды. Ал бұл жерде бастағы білім емес, әр күшік пен иттің шығу тегіне құжат керек. Сол құжаттың барлығы ҚКО-ға жіберілуге міндетті. Тиісті санына жеткен соң мемлекет атынан тек бір ұйым ғана FCI-ға мәлімет жіберіп, ресми тіркелуге бір табан жақындайды.

Өзге мемлекет иемденіп кете ме деген үрей басым

Қазақстан кинологтар кеңесі ШҚО бойынша филиалының басшысы белгілі бір уақыт аралығында облыстағы тазылардың есеп-қисабын жүргізеді.

“Ең негізгі жұмыс – ҚКО-ға тазылардың ені бойынша деректер жіберу керек. Ол жерде жауапты мамандар барлығын бір жүйеге келтіріп, ХКФ-қа құжат ресімдейді. Иттің ен-таңбасына қарай неғұрлым көп құжат ресімделсе, федерациядағылар тазы санының көптігін байқап, өсім бар екендігін назарға алады. Шыны керек, қазір бұл бағытта тек Шығыс Қазақстан ғана жүйелі жұмыс атқаруда”, – дейді Елена Хардина.

Ал «Қансонар» қауымдастығының өз беттерінше әзірлейтін құжаттары тіркелуге жарамсыз екен. Яғни олар ұсынған күшіктің шығу тегі туралы құжаттың заңдық күші жоқ. Сонда оларға асыл тұқымды итті апарса, олар берген құжаттан соң әп-сәтте қаңғыбасқа айналып шыға келеді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегеннің кері осы шығар. «Қансонарлықтар» тазыны өз беттерінше тіркеуді жөн санаған. Осы үшін Финляндияға байланысқа шығып, қазақы текті тұқымды Халықаралық федерацияға тіркеуге жәрдем сұрапты. 300 мың доллар ақша берсе олар келісіп тұр. Десе де жат елдің көмегін қабыл алса, тазы қазақтыкі емес, финндерге тиесілі тұқым болады. Сонда бар мәселе – «қансонарлықтардың» ҚКО-ға бағынудан бас тартуынан болып тұр.

Елена Витальевна әлі де мақсатынан тайқымаған. Қарбалас жұмыспен қатар отбасына да бар жылуын төгіп келеді. Немерелері жауапкершілік жүгі мол жұмысты ың-шыңсыз атқарып отырған әжелерін мақтан тұтары сөзсіз. Әр көрмеге ұлттық нақыштағы көйлектерін алма-кезек киіп, қазылар мен қалың көрерменнің ілтипатына бөленіп келеді. Жуық арада асыл тұқымды иттің бойындағы бар қасиетті бойына сіңірген тазыны Әлем мойындап жатса, бұл Хардина ханымның өлшеусіз еңбегінің нәтижесі деп білсек, қапы айтпаспыз.

 

Дайындаған: Әділхан Есімханов

https://stan.kz/alemdik-arenada-byl-tykim-moyindalmagan-oskemende-oris-372379/

Leave A Reply

Your email address will not be published.