«Алатауды» асқақтатқан өнерпаздар

999

Қазақ даласын әсем әні­мен тербеп, қасиетті қара домбы­раның күмбіріне бөлеген «Ала­тау» триосы ел есінен шыға қой­ған жоқ. Күн сайын дерлік ұлт­тық арнадағы «Алтыбақан», «Тамаша» сияқты айтулы бағдар­ламаларда өнер көрсеткен сах­­на саңлақтарын бүгінде тың­дар­манның сағынатыны да рас. Сол кездегі Жамбыл қала­сында 1970 жылы құрылған «Ала­тау» ән-би ансамблінің құрамында 1974 жылы ашылған «Алатау» триосы өнер көрсетіп, қазақ әнін елімізге ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерде де таныт­ты.

Сексенінші жылдары Чехословакия, Болгария, Үндістан, Бангладеш, Германия, Польша мемлекеттеріне ән сапарымен барып, Ермек Серкебаев, Нұрғиса Тілендиев, Бибігүл Төле­генова, Әлібек Дінішев сияқ­ты қазақ өнерінің нар тұл­ғаларымен бірге өнер көрсету мәр­тебесіне ие болды. Бір айта кетерлігі, «Алатау» қазақ даласында құрылған алғашқы трио болатын. Сондықтан да қазаққа бұрында таңсық дүние көрерменнің көңіліне көркемдік ұялатып, тыңдарман талғамын тәнті етті. Оның құрамында сол кездегі жас өнерпаздар Алтынбек Қоразбаев, Мұхтар Рахманқұлов және Алтынбек Бекмұратов үшеуі өнер көрсеткен.

Жетпісінші жылдардың орта шенінен бастап қазақ сахарасын әнмен әлдилеген трионың тағдыры бүгінде көпшілікке беймәлім десе де болғандай. Ке­зінде халқымыздың ән өнерін биік белеске көтеруге талпынған тұң­ғыш трио өзінің негізгі мін­детін орындап та үлгерді. Кеңес дәуірінің өзінде халық әні «Әләулім-әй», Кенен Әзірбаевтің «Көкшолақ» әндерін халыққа кеңі­нен таныстырды. «Алатау» триосы өзінің шығармашылық жолын Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугәй, домбыра» әнімен бас­таған.

Бүгінде әйгілі әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев сол бір аяулы жылдарды сағынышпен еске алады. Бала күнінен қазақ­тың қара домбырасын жанына серік еткен ол «Алатау» трио­­сы ар­қылы халыққа танылды. Жамбыл жерінде жүр­ген өнерпаз жігіттердің үштік құ­рып, үлкен үмітпен ұлы жолға қа­дам басқаны кімді де болсын қызық­тырмай қоймайды. Айта кетерлігі, сол «Алатау» триосы Ал­тынбек Қоразбаевтың идеясымен құрылған екен.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылы Жамбыл жеріне Ресейден «Ярославские ребята» триосы­ ке­ліп, жергілікті театрда өнер көр­сетеді. Балалайка тартып,­ орыс­тың халық әндерін, атақ­ты композиторларының шығар­маларын орындаған топтың өнері жас өнерпаздарға ерекше әсер етеді. Арада біраз уақыт өт­кен соң «Алатау» триосы құ­рылады. Сөйтіп олар Қадыр Мыр­залиевтің сөзіне жазылған Нұр­ғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін топтың гимні етіп алады. Бұл уақытта Алтынбек Қораз­баев Жамбыл облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Ғайникен Бибатырованың шақыруымен осы қаладағы мә­дени-ағарту училищесінде қыз­мет атқарады. Ал трио мүшесі Мұхтар Рахманқұлов «Алатау» ән-би ансамблінде өнер көрсетсе, Алтынбек Бекмұра­тов Жамбыл техникалық институ­тының сту­денті екен.

«Ол кезде Жамбыл техника­лық институтының үйірмесінде өнерлі қыздар мен жігіттер көп болатын. Трио мүшесі Алтын­бек Бекмұратовты институт қа­быр­ғасынан іздеп таптық. Шыны керек, сол жылдары ансамбль мен трио жұптасып, елімізде ғана емес, шетелдерде де өнер көрсету бақытына ие болды», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов.

Жалпы, «Алатау» триосы жай­лы әңгіме болғанда, «Ала­тау» ән-би ансамблі туралы да айт­пай кетуге болмайды. Жет­пісінші жылдары композитор Са­дыхан Әубәкіров, сол кезде Жамбыл облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығының ди­ректоры қызметін атқарып жүрген ақын Жақсылық Сәті­беков сынды азаматтардың бас­тамасымен құрылған ансамбль құрамында отызға тарта өнерпаз қызмет атқарады. Ал­маты қаласындағы «Гүлдер» ансамблінен Әулиеатаға арнайы келіп, өнер көрсеткен балетмейс­тер Елдос Усин, «Гүлдер» ан­самблінен келген режиссер Серік Елеусізов, виолончель аспа­бын­да ойнаған шебер Шекер Ах­метжанов, әнші, Таластың тумасы, Манарбекше шырқайтын марқұм Алтынбек Оразбеков, Құттыбай Тілеумұратов, Гүлнәр Өтепова, Асылбек Жанғарин сияқты өнерпаздарды халық әлі күнге дейін іздейді. Ал көпшілік үшін күйші Сақып Әбдірәсілов, қобызшы Бекет Жетпісов, сырнайшы Әуесбай Тоқманбетов сияқты азаматтардың орны бір­ бөлек. Сағындырған сахна саң­лақтарының кейбірі бүгінде тағ­дырдың жазуымен өмірден өтіп кеткен болса, кейбірі тіршіліктің бұйрығымен өзге салада қызмет атқаруда.

Осылай «Алатау» триосының жұл­дызды шағы шарықтап кете берді. Әулиеата аймағынан ән бұлағы ағытылып, әуен құдіреті шарықтап тұрды. Әзілдері жарасқан өнерпаздар Алтынбек Қораз­баевты «Сары Алтынбек», ал Алтынбек Бекмұратовты «Қа­ра Алтынбек» деп атайтын болды. Сонымен қатар ансамбльде өнер көрсетіп жүр­ген Алтынбек Бекмұратовты қос­қанда, көпшілік арасында «Үш Алтынбек» деген ұғым қалып­тасты. Дей тұрғанмен, өмір бір орнында тұрмайды. Өзгерістің өзі уақыт талабы. 1979 жылы Алтынбек Қоразбаев Жамбыл облыс­тық филармониясының директоры болып тағайындалды. 1978 жылдан бастап Жамбыл гидромелиоративтік инс­титу­тының студенті болып жүргенде «Алатау» ән-би ансамбліне жұ­мысқа қабылданған Асылхан Шүңі­реков трио құрамына алынды. Сол уақыттарда «Алатау» триосы халықаралық, республикалық түрлі конкурстарға қатысып, жүлдегер атанды.

Жыл өткен сайын «Алатау» аты асқақтап, оның құрамында әр жылдары Пернебек Оспанов, Берік Қалиев сияқты өнерпаздар өнер көрсетті. Бұл сексенінші жыл­­­дардың орта шені еді. Ал тоқ­са­ныншы жылдары елімізде орын алған қиындықтарға байланысты таратылған өнер ұжымдарының қатарында «Алатау» ән-би ан­самблі мен трио да бар еді. Та­раз қаласының 2000 жыл­­дық тойы­ның қарсаңында байыр­ғы «Алатау» триосы «Тараз» болып өзгертіліп, оның құрамында Асыл­хан Шүңіреков, Берік Қа­лиев, Ноян Сейділдаев өнер көр­се­теді.  Бүгінгі таңда мәдениет сала­сына тиісті деңгейде қаражат бө­лінеді. Дей тұрғанмен, кезінде қазақ өнерін әйгілеген атақты «Алатау» ансамблінің және қазақ даласындағы тұңғыш трионың тағ­дыры көпшілікті ойлантпай қоймайды. Тіпті осы салаға жет­кілікті деңгейде қаражат бөлініп жатса да, ансамбльдың жабылып қалуы көңіл көншітерлік көрініс емес.

Бүгінде өңірімізде талай­ мәдени шаралардың өтуіне мұрындық болып келе жатқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы та­рапынан ансамбльды қайта құ­руға, оған қаражат бөлуге ниеті болса дұрыс болар еді. Кезінде асқақтаған «Алатаудың» арыны қазақ даласынан жарқыраған жұлдыздай көптеген елдерге қазақ өнерінің рухын шашқан сәуле сияқты көрінгені де рас. Сол рухани сәуленің сынығы Әу­лиеата өңірінде әлі де сақтал­ған.

Хамит ЕСАМАН

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.