Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде жерлесіміз, айтыстың ақтаңгері, марқұм Әзімбек Жанқұлиевтің 60 жылдығына орай «Өнердің аққан жұлдызы» атты еске алу кеші өтті. Кешке қатысушылардың қарасы көп болды. Олар алдымен мәдениет үйі фойесіне қойылған Әзімбек туралы көрмемен танысты. Онда ақынның айтыстағы суреттері, ол туралы газетке шыққан мақалалар, кітаптар, көрермендердің пікірлері қойылған екен.
Ол -Ауған соғысының ардагері. Әзімбекті көрген, оның шығармашылығымен танысқан жастар одан мол тәрбие алып келеді. Күні кеше мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында жерлесіміз Дархан Әбдіманатов бас жүлдені иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Әзімбекке арнап екі жыл сайын облыстық ақындар айтысын өткізіп келеміз. Әзімбекті насихаттауда бауыры Алтынбек ағамыз көп еңбек етуде. Өнеріміз алда да өрістей берсін,-деген аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ақынның ағасы Алтынбекке зерделі шапан жауып, әпкесі Мейізкүлге камзол кигізіп, басына орамал салды. Кездесуге келгендер ауданымыздың жас айтыскер ақыны Дархан Әбдіманатов пен ақын Есет Досалының қайын мен жезде арасындағы айтысын тамашалап, көңілдері бір көтеріліп қалды.
Сүндетулла Әбілов. |