Аудандық спорт мектебі басшысының орынбасары көлік жүргізіп отырған. Қайғылы оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған еді. Салдарынан бір жасөспірім қаза тауып, төртеуі ауыр жарақат алған. Бапкер жол апатынан кейін сал болып қалған. Оның отбасы айыпталушыдан 40 миллион талап еткен. Бірақ айыпталушылар шығын көлемімен де, үкіммен де келіспеді.
Тергеу мәліметінше, 17 желтоқсанда болған қайғылы оқиғаға жалғыз өзі кінәлі. Таңертең бапкердің өтініші бойынша Жұмекешев жас волейболшыларды Ақтөбедегі жарысқа өз көлігімен алып бара жатқан. Көлік ішінде тоғыз жасөспірім мен жаттықтырушы болған. Жолда лық толы микроавтобус аударылып бір оқушы оқиға орнында көз жұмды. Қалғандары ауруханаға жеткізілді.
«Нұрбек Айбекұлы Жұмекешев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды» — деді судья Мираш Жүгінісова.
Сотталушының туыстары үкімді әділетсіз деп санайды. Олар жазаны жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Жұмекешев өз кінәсін мойындап, өкініп, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ал оның отбасы апаттан зардап шеккендердің барлығына өтемақы төлеу үшін 20 миллионнан астам қаражат жинады. Бірақ, Жұмекешевтің жұбайының айтуынша, ең соңғы сәтте сал болып қалған бапкердің туыстары тағы 40 миллион талап еткен. Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды.
«Мен медиаторлардың әрқайсысына келіп, келісім жасадым. Барлығы кешірілді. Бапкердің отбасы алдымен бізден 3 миллион талап етті. Мен оларға төледім. Сосын қосымша көмек ретінде бір миллион 470 мың бердім. Оларға тағы 5 миллионды қайдан табамын? Күйеуім түрмеге жабылады. Қолымда кәмелетке толмаған үш балам бар! Осыны сот неге ескермейді?» — деді сотталушының әйелі Құндыз Өтеш.
Сот отырысында жәбірленушілер болған жоқ. Белгілі болғандай, жаттықтырушыдан басқа төрт бала ауыр жарақат алған. Олар әлі де медициналық көмекке мұқтаж. Бірақ, сотталушының жұбайының айтуынша, олардың бұрынғы бас мұғалімге қоятын талаптары жоқ.
Айта кетейік, жол апаты 2022 жылдың 17 желтоқсанында болған. Спортшылар волейболдан облыстық жарыстарға бара жатқан. Жеті орындық Toyota Estima көлігінде 11 адам болған, оның тоғызы бала. Көлікті спорт мектебі директорының орынбасары жүргізген. Салонда 21 жастағы жаттықтырушы болған. Жолда көлік аударылып, салдарынан бір бала оқиға орнында көз жұмды, сегіз бала мен жаттықтырушы ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендер ауыр жарақат алды.