Ақтөбе жолдарының сапалы салынуына ғалымдар да атсалысады

64

Ақтөбе жолдарының сапалы салынуына ғалымдар да атсалысады

Ақтөбеде жол жөндеу маусымының басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен жолды сапалы етіп салуға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары да араласты. Жолшы-ғалымдар өткен жылдан бері облыста жол құрылысына қажетті материалдардың сапасын тексеруді қолға алыпты. 

179 жоба және 60,6 миллиард теңге

Аймақта көлік инфрақұрылымын да­мы­ту және жол құрылысы маусымына дайын­дық шараларына қатысты өткен жиын­да облыстық Жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары басқармасының бас­шысы Айбек Қайыр биыл бұл мақсатта 179 жобаны іске асыруға 60,6 млрд теңге қар­жы бөлінгенін айтқан болатын. Қарас­ты­­­рылған қаржының есебінен 82 жоба (430,6 шақырым жергілікті маңызы бар) жә­не 97 жоба (137,1 шақырым қала мен ауы­­­­лішілік жолдар) жөнделетін болады. Нә­тижесінде, жолдардың жақсы және қана­ғат­танарлық үлесін 83 пайызға дейін жет­кізу жоспарланып отыр.
Оның айтуынша, республикалық маңы­зы бар жолдар бойынша

7 жобаны іс­ке асыруға 42,6 млрд теңге қа­растырылған. Яғни, бұл қаражаттың дені жолды қайта жаңғыртуға жұмсалмақ.
– Дегенмен су тасқыны салдарынан зар­дап шеккен жол учаскелерін қалпына кел­тіру үшін 36 жобаға бөлінген жалпы қара­жаттың 50 пайызы, яғни 9,8 миллиард тең­гесіне секвестрлеу жасалып жатыр.  Секвестрлеу нәтижесінде жоспарланып отыр­ған жергілікті жолдардың жақсы және қа­нағаттанарлық үлесі 77 пайызға төмен­дей­тін болады, – деді басқарма басшысы Ай­бек Қайыр.


Биыл көктемгі су тасқыны кезінде Ақ­төбеде республикалық Қандыа­ғаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз, облыстық Ойыл–Қобда бағытындағы және Ойыл ауы­лына кіреберіс жолдағы көпірлердің бал­калары мен аралық құрылымдары за­қым­далған болатын. Сондай-ақ облыстың Әйтеке би ауданындағы Әйке, Мұғалжар ау­данындағы Басшилі және Темір ауда­нын­дағы Жамбыл елді мекендерінің кіреберіс жол­дарын су шайып кетті.

Жол салуда мәселе жоқ…

Бүгінде республикалық жолдар бойын­ша халықтың басты назарындағы Ақтөбе–Хром­тау–Ұлғайсын жолының 791-819 ша­қы­рым учаскесінде «Сине Мидас Строй» ком­паниясы жұмыс істеп жатыр. Аталған ком­пания қазіргі бар жолдың көне қабатын алу үшін фрезерлеу жұмыстарын бастады. Со­­­нымен қатар Ақтөбе қаласының аума­ғы­нан бастап Хромтау қаласына дейін «Ер­бол-Эль» компаниясы 20 шақырым жағ­­­­дайы нашар асфальт жабындысына ағым­дағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, құры­лы­сы созылған Ақтөбе–Қандыағаш жолы биыл іске қосылмақ. Ақтөбе–Астрахань тас жо­лының учаскесі – Ақтөбе–Қандыағаш ба­ғытындағы жолды салуда ешқандай ке­дергі жоқ. Бүгінде барлық қаражат қарас­тырылған, проблемалық мәселер жоқ.

– Соңғы кездері әлеуметтік желілерде ха­лықтың наразылығын тудыратын Қан­дыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз бағы­тын­дағы тас жолдың 85 шақырымына биыл жөн­деу жұмыстары жүргізіледі.Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,5 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Сон­дай-ақ қосымша Еуразиялық даму бан­кінен жобаларды аяқтау үшін қаражат бө­ліну жоспарлануда, – дейді Айбек Қайыр.

 

106 карьер, 160 сынақ

Астанадан келген жолшы-ғалымдар об­лыстың бірқатар карьерінде болып, он­дағы қиыршық тас өндіретін зауыттарды ара­лап, өнім сапасымен танысып жүр. Қа­зақ­стан Жол ғылыми-зерттеу инс­титу­ты­ның Жол құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің ди­рек­торы Мейрамгүл Қабдығалиева жолшы-ға­лымдардың бұл жұмыспен өткен жылдан бе­рі айналысып жатқанын айтты. Мақсат – жол құрылысына қатысты материалдардың сапасын зерттеп-зерделеу. Оның айтуынша, де­партамент 14 бағыт бойынша жұмыс іс­тейді. Соның бірі – жол құрылысында жаңа материалдар мен технологияларды апр­обациялау және енгізу.
Жолшы-ғалымдар берген мәліметке сүйен­сек, елімізде 842 карьер бар. Былтыр олар 8 аймақтағы 106 карьерде болып, он­да­ғы жұмыстармен танысқан. Нәтижесінде, 160 жол-құрылыс материалына зерт­ха­на­лық сынақ, яғни физика-механикалық жә­не радиоактивтілік көрсеткіштеріне бай­ланысты зерттеу жүргізіпті. Ал биыл қал­ған 9 аймақта карьерлерді тексеріп жа­тыр.

Ұсақ тас, берік бетон, бірыңғай база

Ақтөбеде жол құрылысына қажетті ма­териалдар өндіретін 86 карьер бар. Со­ның бірі – Оңтүстік-Ақшат карьері. Бүгінде құ­рылысы қызу жүргізіліп жатқан Ақтөбе–Қандыағаш тас жолының құрылысына жауапты екі мердігер компанияның бірі – жер­­гілікті «Ассана ДорСтрой» жауап­кер­ші­лі­гі шектеулі серіктестігі осы карьерде қиыр­­­шықтас өндіреді. Жол ғылыми-зерт­теу институтының мамандары осы ка­рьер­де болып, өнім сапасын зерттеуге кірісті. Ол үшін олар фракциясы ұсақ, яғни 5-20 мил­лиметр болатын қиыршықтасты ка­рьер басынан алып, кәсіпорын зерт­ха­на­сы­на апарады. Бұл жерде зерттеу жұмыс­та­ры­на дейін қабылданған материал мұқият тек­серіліп, құрамындағы жол сапасына кері әсер ететін заттардан тазартылады. Зерт­­­хана мамандарының айтуынша, мұнда жет­кізілетін материалдың жарамсыз не­ме­се сапасының төмен болуы өте сирек кез­де­сетін жағдай. Зерттеу жұмыстары айлап жүр­гізілетін көрінеді. Ең бастысы – фрак­ция­сы өте ұсақ тас асфальт-бетон қоспасын дайын­дауда таптырмайтын шикізат. Зерт­хана мамандарының айтуынша, ұсақ тас бетон төзімділігі мен беріктігін де қам­та­масыз етеді.
Мейрамгүл Қабдығалиеваның ай­туын­­ша, зерттеу нәтижесі белгілі болғаннан кейін өнім «Жаңа технологиялар және жол-құрылыс материалдарының бі­рыңғай базасына» енгізіледі. Мұндай цифрлық платформа елімізде былтыр әзір­ленген. Мамандардың айтуынша, бұл ба­задан (карьерлер, зауыттар), инновациялық технологиялар тізімін табуға болады. Де­партамент директоры аталған жүйеге қазір ас­фальт-бетон зауыттары мен аккре­дит­телген зертханалар, жол қозғалысы қауіп­сіздігінің техникалық құралдарының тізімі де енгізіліп жатқанын айтты.

Облыста жол құрылысы маусымы басталарда құрылыс материалдарына қажеттілік бойынша талдау жұмыстары да жүргізілген. Айбек Қайырдың айтуынша, 889,7 шақырым жөнделетін жолға 66,3 мың тонна битум, 1,4 млн тонна қиыршықтас, 255,6 мың тонна құм және 14,9 мың тонна цемент қажеттілігі анықталған. Қазір облыс аумағында 9 битум сақтайтын мекеме бар. Оның жалпы сыйымдылығы – 29,5 мың тонна. 

Айару СЕРІК,
Ақтөбе облысы

https://turkystan.kz/article/244015-a-t-be-zholdaryny-sapaly-salynuyna-alymdar-da-atsalysady

Leave A Reply

Your email address will not be published.