Ақтөбе облысы Шалқар ауданында мектеп директоры баласы мен әйелін пышақтап тастады. Қазіргі кезде қылмыстық іс тергеліп жатыр деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға Жаңақоныс ауылдық округінің орталығы Аққайтым ауылында болған. Аққайтым орта мектебінің директоры әйелі мен баласын пышақтап алған.
«Қылмыстық кодекстің 99 бабы, яғни, адам өлтіруге оқталу бойынша іс қозғалып тергеу жүріп жатыр. Күдікті екі айға қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты таратылмайды», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Шалқар аудандық ауруханасы науқастардың халі бақылауда екенін айтты.
«Анасы мен баласы бізге түсті. 7 жасар қызының құлақ тұсы, ал әйелінің бұғанасының үстінде кесілген жара болды. Жарақаттарын тігіп, таңып бердік. Олар ауруханада ем қабылдаудан бас тартты. Сондықтан амбулаторлық бақылауға жібердік», – деді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Еркебұлан Еркінұлы.
https://turkystan.kz/article/199710-aktobe-oblysynda-mektep-direktory-eyeli-men-balasyn-pyshaktagan/