«Актер болу үшін ұшқан шыбынды ұстадым»: Қожаның «әкесі» болмақ ниеттенген «Қаратайдың» шын өмірі жайлы не білесіз?
Мәкіл Құланбаевтың шығармашылық жолы – қазақ актерлік мектебінің қалыптасу кезеңімен тұтасып жатқан тағдырлы тарих
Биыл қазақ театр және кино өнерінің тарихында ерекше орны бар актер, Мәкіл Құланбаевтың туғанына 100 жыл толды. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының іргетасын қалаушылардың бірі, сахна мен экранда сомдаған бейнелері арқылы бірнеше буын көрерменнің жадында қалған өнер иесі болатын. Мәкіл Құланбаевтың шығармашылық жолы – қазақ актерлік мектебінің қалыптасу кезеңімен тұтасып жатқан тағдырлы тарих. Оның әр рөлі, әр образды тереңнан тартып сомдаған ішкі иірімі ұлттық сахна өнерінің дамуына қосылған қомақты үлес ретінде бағаланады.
Мәкіл (Мәкілқожа) Иманәліұлы Құланбаев 1926 жылы Алматы облысында дүниеге келді. Әкесі темір ұстасы болып еңбек еткен. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Дегенмен, оның өнерге келу жолы кездейсоқ сәттен бастау алды. Алматыдағы мектеп-интернатта оқып жүрген кезінде театр студиясына студенттер қабылдау үшін келген режиссер-педагог Ольга Пыжова мен Борис Бибиков оқушылардан кішкене этюд орындауды сұрайды. Осы сәт жас Мәкілдің болашақ тағдырын айқындаған алғашқы қадам болды. Кейін ол Алматы театр училищесіне қабылданып, кәсіби актерлік білім алды. Өнерге бағыт берген алғашқы ұстазы Ольга Пыжова болса, шығармашылық тұрғыдан шыңдап, сахна мәдениетін үйреткен жетекші ұстазы Асқар Тоқпанов еді. Театр ортасына енген жас актер сахнаға үлкен құрметпен қарап, актер кәсібін өмірлік жолы ретінде қабылдады. Осы кезеңнен бастап Мәкіл Құланбаевтың өнер әлеміндегі күрделі әрі жауапты шығармашылық жолы басталды.
Еңбек жолын Мәкіл Құланбаев 1945 жылы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрында бастады. Жас актер аз уақыттың ішінде үлкен рөлдерді сенімді сомдап, кәсіби жағынан тез қалыптасты. Театр сахнасында ол Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қодар, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегіндегі» Есен, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Науан хазірет сияқты күрделі образдарды орындап, актерлік шеберлігін шыңдай түсті.
«Алты жасар Алпамыс» (1977) фильмінен
1948 жылы жаңадан ашылған Қазақтың мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына ауысып, осы шығармашылық ұжыммен тағдырын мәңгі байланыстырып өтті. Ол бұл театрдың қалыптасу кезеңіне куә болып қана қойған жоқ, негізін қалаушы буын актерлерінің бірі ретінде театр репертуарын байытуға, жас көрерменге арналған кәсіби сахналық өнердің қалыптасуына зор үлес қосты.
Мәкіл Құланбаевтың шығармашылық кемеліне келу кезеңі балалар және жасөспірімдер театрының сахнасында сомдаған рөлдерімен тығыз байланысты. Зерттеушілердің жазуынша, ол орындаған образдардың әрқайсысы мінезі, ішкі психологиялық қырлары айқын, терең әрі нанымды болды. Актер Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» Қоңқай, Мұхтар Әуезовтің «Алуасында» Назарбек, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Әбутәліп болыс бейнелерін сахнаға шығарды. Сондай-ақ Махамбет образын («Махамбеттің жебесі»), Әл-Фараби тұлғасын («Әл-Фараби») зор жауапкершілікпен орындап, тарихи кейіпкерлерді сахнада сенімді сөйлете білді.
Естелікке сүйенсек, Мәкіл Құланбаев өнер жолын саналы түрде таңдаған жоқ. Балалық шағында әкесі оның дәрігер болғанын қалағанын айтып отыратын. Болашақ актер сол сөзден аса алмағанын, басқа мамандық туралы ойлаудан өзіне тыйым салғанын еске алады. Театр студиясына іріктеу кезінде оған «ұшып жүрген шыбынды ұстау» этюді беріледі. Орыс тілін толық түсінбесе де, қимылды бар ынтасымен елестетіп орындап шығады. Сол сәт жасөспірім Мәкілдің актерлік табиғатын ашқан алғашқы сәттердің бірі болды.
Ол өз естелігінде орыс тілін меңгеру жолындағы қиындықты да ерекше атап өтеді. Бастапқыда айтқан әр сөзінен қысылып, қатты қиналғанын жазады. Бірақ бір жылдың ішінде тілді еркін үйреніп, сахналық ортаға толық бейімделеді. Драма театр сахнасындағы көпшілік көріністерге қатысып жүріп, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев секілді сахна саңлақтарының ойынын көру оның шығармашылыққа деген қызығушылығын тереңдете түседі. Осы орта Мәкіл Құланбаевтың актер ретінде қалыптасуына мектеп болды.
Кино өнерінде де Мәкіл Құланбаев айқын қолтаңбасын қалдырған актерлердің бірі саналады. «Менің атым Қожа» фильміндегі Қаратай бейнесі оны бүкілодақтық деңгейде танымал етті. Бұл рөлдегі ішкі юмор, мінез, ұлттық психологияға тән ишаралар актер шеберлігінің кең мүмкіндігін көрсетті. Бұдан кейін ол «Балалық шаққа саяхат», «Алпамыс мектепке барады», «Алтын күз», «Қала қалқаны» сияқты бірнеше көркем фильмдерде түрлі характерлі образдар жасады.
Мәкіл Құланбаев Қазақстан мен Орта Азия киностудияларымен қатар, «Ленфильм» және «Мосфильм» студияларында да шығармашылық жұмыстар атқарды. Оның кинодағы бейнелері театрдағыдай психологиялық тереңдігімен, ішкі эмоциялық иірімімен ерекшеленді. Сонымен қатар ол дубляж саласында көп еңбек етіп, теледидар мен радиода жүздеген кейіпкердің даусын сөйлетті. Ертегі кейіпкерлерінің даусын дыбыстаған Ерден ата мен Жұмбақбай ата бейнесі тыңдарман ұрпақ жадында сақталды.
«Қауын» (1982) фильмінен
Мәкіл Құланбаевтың шығармашылық әлемін тереңірек танытатын естеліктерінің бірі – оның Елубай Өмірзақов туралы айтқандары. Болашақ актер бала кезінде «Райхан» фильмі түсірілген сәтті көзімен көріп, Елағаңның бақсы бейнесін сомдағанын ерекше әсермен есінде сақтаған. Кейін сахна ортасына келгенде сол тұлғамен жақын араласып, актерлік шеберлік туралы көп ой түйеді.
Естелігінде Елубай Өмірзақовтың актерлік табиғаты, кейіпкер мінезін зерттеу тәсілі, адам болмысын бақылау мәдениеті туралы айтқан сөздері жас Мәкілге үлкен сабақ болғанын жазады. «Артист кез келген образдың ерекшелігін зерделеп, адам қылығын, жүріс-тұрысын, дауысын, мінезін зерттей білуі керек» деген тағылымды ойлар кейін оның өз шығармашылық ұстанымына айналды. Осы тәжірибе актердің сахнадағы образдарын шынайы, өмірге жақын етіп сомдауына әсер етті.
Мәкіл Құланбаевтың өнер жолы кәсіби табыстармен ғана емес, мемлекет тарапынан берілген жоғары бағалармен де айшықталды. Ол сахна мен экрандағы жемісті еңбегі үшін бірнеше рет Құрмет грамоталары мен медальдарға ие болды. 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1977 жылы оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. 1984 жылы Мәкіл Құланбаев Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, ұлттық театр өнерінің дамуына сіңірген еңбегі ресми түрде мойындалды. 1993 жылы дүниеден өтеді.
Мәкіл Құланбаевтың есімі бүгінде қазақ театр және кино өнерінің тарихында ерекше құрметпен аталады. Оның сомдаған рөлдері, сахнадағы әр кейіпкерге жауапкершілікпен қараған актерлік мәдениеті, адамдық болмысымен астасқан шығармашылық жолы ұлттық өнер мұрасының бір бөлігі.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
«Менің атым Қожа» фильмнен стоп кадр
aikyn.kz