Ақталып шыққан шенеунікке 12 миллион теңге өтемақы төленеді

81

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров Қаржы министрлігінен 12 млн теңгеден астам шығынын өндіріп алды деп хабарлады turkystan.kz.

2020 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров ұсталып, Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша тергеу жүрді.

Ал 2021 жылдың маусым айында Ақтөбе қалалық № 2 сотында қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов, мердігер мекеме басшысы С.Жанасбаев, бас есепші Д.Дүйсемби, жеке кәсіпкер Н.Мұстафинге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Жаңа жыл кезінде безендіру жұмыстарына бөлінген ақша талан-таражға түсіп, мемлекетке 90 млн теңгеден астам залал келгені айтылды.

«Сот Досов пен Әбубәкіровті 7 жылға, Жанасбаев пен Мұстафинді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дүйсембиге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жас баласы болуына байланысты жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды», – деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ақтау үкімін шығарды. Яғни, сот отырысында айыптаушы тарап сотталушылардың сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қандай жолмен аса ірі мөлшерде талан-таражға салғанын дәлелдей алған жоқ.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін айғақты ұсынбағандықтан сот сотталушыларды кінәсіз деп таныды. Әрі қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерінен соң оңалту және шығынды өтетуге құқығы бар екені айтылды.

Ақтөбе қалалық сотында Ж.Әубәкіровтің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінен, Ақтөбе қаласының әкімінен 100 000 000 теңге көлемінде моральдық залалды өндіру туралы талап қою арызы қаралды.

Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, 5 000 000 теңге сомасында моральдық зиян өндірілді. Кейін Ж.Әубәкіров сотқа қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу туралы өтінішпен жүгінді.

Соттан инфляцияны ескере отырып, оған 22 946 419 теңге мөлшерінде жоғалған жалақысын өтеуді сұрады. Ақтөбе қаласының №2 сотының қаулысымен өтініш қанағаттандырусыз қалдырылды.

Апелляциялық сатыдағы соттың 10.03.2023 жылғы қаулысымен арыз ішінара қанағаттандырылып, ҚР Қаржы министрлігінен Ж.Е.Аубакировтың пайдасына оны қылмыстық жауапкершілікке тарту және заңсыз соттау салдарынан келтірілген мүліктік зиян 12 404 702 теңге сомасында өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енді.https://turkystan.kz/article/216211-aktalyp-shykkan-sheneunikke-12-million-tenge-otemaky-tolenedi/

Leave A Reply

Your email address will not be published.