Ақмола облысында мектепке қолына пышақ ұстаған белгісіз адам кіріп кеткен

48

https://turkystan.kz/article/258650-aqmola-oblysynda-mektepke-qolyna-pysaq-ustagan-belgisiz-adam-kirip-ketken

Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Ақсуат ауылында 19 жастағы жігіт мектеп ғимаратына заңсыз кірген, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Аlmaty.tv жариялады.

Оқиға 10 сәуір күні таңертең болған. Полицияның мәліметінше, ол қолына пышақ ұстап, мектеп ішінде жүрген.

Оқырмандардың айтуынша, бұл жағдай шамамен таңғы сағат 7-де орын алған. Редакцияға жолданған бейнежазбада уақыт 06:58 деп көрсетілген. Сол сәтте мектепте сабақ әлі басталмағандықтан, оқушылар мен мұғалімдер болмаған. Сондай-ақ күзетші де жұмыс орнында болмапты.

«Жігіт мектеп ішінде шамамен 20 минут жүрген. Бұл уақытта әдетте оқушылар мен мұғалімдер келе бастайды. Абырой болғанда, ешкім болмаған. Ал егер сол сәтте бір бала келгенде не болар еді? Қолында пышағы бар адам мектепте емін-еркін жүр, күзет те жоқ», – деп жазды оқырман.

Ақмола облыстық Полиция департаменті бұл деректі растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, 10 сәуір күні таңғы 07:00 шамасында мектеп аумағына 19 жастағы ауыл тұрғыны кірген. Полиция оны жылдам ұстап, медициналық тексерістен кейін Степногорск қаласындағы психиатриялық ауруханаға жеткізген. Оқиға кезінде мектепте ешкім болмаған, өйткені сабақ 08:30-да басталады.

Құқық қорғау органдары мектеп әкімшілігімен профилактикалық әңгіме өткізгенін мәлімдеді. Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр. Егер мектептегі күзет қызметіне қатысты заң бұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады.

«Ұстау барысында жігіттің үстінен тыйым салынған заттар мен суық қару табылмады. Дегенмен бұл дерек толық тексеріліп жатыр», – деп қосты полиция департаменті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.