Танымал музыкант, әнші Ерлан Көкеев ұшақта жоғалтып алған гитарасы табылғанын мәлімдеді.
«25 маусымда Өскеменнен Алматыға ұштым. Гитараны өзіммен бірге алғам, бірақ әуе компаниясының қызметкерлері гитараны жүкке тапсыру керек деді, мен тапсырдым. Менімен бірге Астанаға ұшқан бір топ жолаушы болды, оларда да гитара болды. Алматыға ұшып келсем, гитара жоқ, бірден полицияға арыз жазып, жүгіндім», — деді Ерлан Көкеев агенттік тілшісімен ұялы телефон арқылы сөйлесе тұрып.
Әншінің айтуынша, музыканттың гитарасын басқа жолаушы шатастырып алып кеткен.
«Жолаушы (ер адам) менің гитарамды Астанаға алып кеткен. Мен іздеу салып, айғай-шу шыққаннан соң ер адам ол менің гитарам екенін түсінген. Осылайша ол кісі маған гитарамды қайтарды, гитара бүтін», — дейді ол.
Сондай-ақ, музыкант Air Astana компаниясының әзірге ешқандай шешім қабылдамағанын айтты. Компания өкілдерінің пайымдауынша, гитара Алматыға жеткізілді, одан әрі жүктің жолаушыға жетуіне әуежай жауапты.
https://turkystan.kz/article/245165-air-astana-zhogaltkan-erlan-kokeevtin-zhugi-tabyldy