Адымы аршынды агроқұрылым

61

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның агрокешендік перспективасы өте зор. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жыл¬дар ішінде аталған сала мемлекет назарынан тыс қалған емес.
Еліміз тәуелсіздік алып, нарық¬тық экономикаға көшкен тұста кеңестік экономиканың жетілмеген кемшін тұстарынан ең қатты зардап шеккен ауыл шаруашылығы саласы болғаны анық. Бірақ көштің жүре түзелетінін жақсы білетін халқымыз егемендік жылдары бұл саланың да өз деңгейінде дамуына бар ынта-ықыласымен кірісті. Тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылған шаруашылықтар мен агроқұрылымдардың дені бүгінде еңсе тіктеп үлгерді деп айтуымызға әбден болады.

Әрине, ауыл шаруашылығы саласы туралы сөз қозғағанда, тәуелсіздік жылдарында д бұл саланың көптеген жетістіктерге жеткенін айтуымыз қажет. Егемендік алған 30 жылдың ішінде шаруашылық ашып, жүйелі жұмыс істеп, ерінбей еңбек етудің нәтижесінде аяғынан нық тұрып, мол табыстарға жеткен агроқұрылымдар біздің өңірде де аз емес. Бұл ретте мемлекеттің аталған салаға жасап отырған көмек-қолдауларының маңызын айтпай кетуге болмайды, әрине. Жер бедері таулы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін қасиетті Жуалы ауданында да ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал өнімдерін өндіруде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалықтар аз емес. Егемендікпен бірге еңсе тіктеген аудандағы ірі агроқұрылымдардың бірі – Жетітөбе ауылдық округіндегі «Ұлжан» шаруа қожалығы.
1999 жылы еңбек ардагері Қуанышбай Қораласбаевтың басшылығымен құрылған «Ұлжан» шаруа қожалығының иелігінде 150 гектардай егістік жер және 300 гектар жайылымдық жер бар. Шаруа қожалық алғашқы жылдары алқапқа көбінде арпа-бидай егуді қолға алады. Өндірілген өнімді сатып, одан түскен қаржыға жер өңдеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып ала бастады. Өнімді жұмыс істеу көбінесе шаруаның ынта-жігері мен ізденгіштігіне тікелей байланысты. Шаруашылық мүшелері осы жылдар ішінде егістіктен мол астық алудың жолдарын қарастырып, үнемі ізденіс үстінде болғаны анық.
Тірлігі сан салалы әрі өнімді жұмыс істеуге техникасы да сақадай сай агроқұрылым ауданның аграрлық саласын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүргізуде. «Ұлжан» шаруа қожалығының иелігінде 150 гектарға жуық егістік жер бар. Одан бөлек, ауылдастарынан 150 гектар егістік алқаптарын жалға алып, оған да дәнді дақылдар егуді дәстүрге айналдырған. Атап айтқанда, биыл аталған агроқұрылым 150 гектарға жаздық арпа тұқымын, 100 гектарға мақсары дәнін септі. Одан бөлек, көпжылдық шөптен 120 гектар жоңышқа алқабы бар.
Жаңбыр жауса, жердің ырысы да артатыны белгілі. Жердің ырысы артса, елдің де берекесі кіреді. Биыл таулы өңірде жауын-шашын мол болып, осыған сәйкес, ауыл шаруашылығы саласында алынған өнім де мол болды. «Ұлжан» шаруашылығы биыл еккен егістен мол өнім жинады. Олар орта есеппен арпа мен мақсары алқабының әр гектарынан 15 пен 20 центнердің аралығында өнім алды. Бұл әрине, жақсы нәтиже.
Бүгінде аяғынан нық тұрған шаруашылықты еңбек ардагері Қуанышбай Қораласбаев ұлдарымен бірге құрып, оны ұзақ жылдар өзі басқарды. Қазір агроқұрылымның тізгінін кенже ұлы Ерлан алып, қалыптасқан жүйелі жұмысты одан ары жалғастырып отыр. Жастайынан ауыл тірлігіне араласып, еңбекке пісіп өскен бұл отбасының кенже ұлы Ерланның негізгі мамандығы заңгер-құқықтанушы. Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледждін бітірген. Алайда оның еңбек жолы заң саласында жұмыс істеумен емес, ауыл шаруашылығын өркендетумен байланысты өрбіп келеді. Үлкен ағасы Нұржан екеуі күш біріктіріп, шаруашылықтың жұмысын ілгерілетуге, дамытуға шындап атсалысуда. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» екенін іспен дәлелдеген де дәл осы ынтымақшыл Қораласбаевтар отбасы.
Аталған шаруашылық жұмысының сан салалы екенін сөз басында атап өткеніміздей, егемендіктің алғашқы жылдарында құрылған «Ұлжан» шаруа қожалығы егін егумен қатар төрт түліктің басын көбейтумен де тұрақты айналысып келеді. Олардың атакәсіпті ойдағыдай дамытуының нәтижесінде қазіргі таңда малдың басы да едәуір артты. Ата-бабаларының ескі қонысы болған бұрынғы «Түркісіб» колхозының орнында шаруашылықтың мал қыстауы орналасқан. Мұнда шамамен 300 бас қой-ешкі, бірнеше бас ірі қара тұқымы, оның ішінде сүтті бағыттағы сауынды сиыр және етті бағыттағы бұқашықтар бағылады. Азын-аулақ жылқылары тағы бар. Шаруашылықтың мүшесі, істің жайын жақсы білетін азамат Қуанышбай аға осында болып, төрт түліктің көбеюін бақылап, малшыларға басшылық жасауды әдетке айналдырған. Мұнда бір қойшы отбасымен жыл он екі тұрақты жұмыс істейді. Шаруашылықта барлығы сегіз адам жұмыспен қамтылған.
Адымы аршынды, жұмысы жүйелі агроқұрылымда мал бордақылау ісі жолға қойылған деуге болады. Олай дейтініміз, шаруашылықта жыл сайын жүздеген бас қой, (оның ішінде, аталық қошқар), сонымен қатар, жылқы және бұқашықтар семіртіліп, етке өткізіледі. Бұл облыс халқын экологиялық таза ет өнімімен қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізіп отырғаны анық. Биыл аталған шаруашылықта 80 бас ірі қошқарлар бордақыға байланып, оның өнімі жақында ет комбинатына тиімді бағамен өткізілді Одан бөлек, 20 бастай жылқы байланып, оның өнімі де төңіректегі ауылдастары мен ағайындарына қолжетімді бағада өткерілу үстінде.
Иә, ауыл – халқымыздың алтын бесігі. Кейінгі жылдары ауылға мемлекет тарапынан да көңілдің бөлініп, көмек-қолдаулардың жасалуы көп жайдан хабар берсе керек. Ауылда тұрған ағайын мал ұстап, жер өңдеп, егін егуі қажет. Әйтпесе, мұнда күнкөріс пен табыстың басқа көзі жоқ. Бұл бұрыннан келе жатқан ұлы үрдіс.
«Ұлжан» шаруа қожалығының мүшелері де мұны жақсы біледі. Сондықтан уақытпен санаспай, қиындықтан қорықпай жұмыс жасауда. Агроқұрылымның иелігінде жер өңдеуге қажетті техникалардың бәрі бар деуге болады. Жұмысты жүргізуге «Енисей» маркалы комбайн және арпа дәнін жинауға арналған комбайн, «МТЗ-952-2», «МТЗ-920», «МТЗ-80» маркалы тракторлар, одан бөлек, шөп оратын комбайн, шөптайлағыштар, басқа да қосымша агрегаттар үлкен көмек болумен қатар, өнімділікті де ұлғайтуға сеп болып отыр. Шаруашылықтағы доңғалақты тракторлардың дені «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеке қаражатқа алынды. Атап айтқанда, үш трактор аталған несие корпорациясы арқылы алынған. Одан бөлек, 2020 жылы шаруашылықтың жеке қаражатына көпфункциялы жүктиегіш сатып алынды.
Бір сөзбен айтқанда, бұл шаруашылықтың қолға алған тірліктері жаман емес. Қыстауда мал бағылса, ауылда жылқы, бұқашықтар, қошқарлар бордақыланады. Биыл агроқұрылымда мал азығына бірнеше тонна жемнің қорын дайындаумен қатар, 11 мың дана тайланған жоңышқа және екі мың данадан астам тайланған сабан дайындалды.
-Алдағы уақытта межелеп отырған жоба-жоспарларымыз өте көп. Оның негізгісі, шаруашылықта бұрыннан қадыптасқан жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастыра беру. Сонымен қатар, алдағы жылдары сүт бағытындағы сауынды сиырдың басын молайтсақ деген ойымыз бар. Ол үшін сүтті көп беретін асыл тұқымды сауынды сиырлар ұстасақ дейміз. Ол үшін қазір қажетті шаралар жасалып жатыр.
Жұмысты жүргізіп, өнімділікті ұлғайтуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек-қолдауларға алғымызды білдіреміз. Тиесілі көмектерді алып жатырмыз. Бұл бізге ары қарай да шаршамай, талмай жұмыс істеуге үлкен талпыныс болып отыр,- дейді «Ұлжан» шаруа қожалығының басшысы, іскер азамат Ерлан Қораласбаев.
«Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі бар. Теріңді төксең қара жер де адамды құр тастамайды. Бұған өмірдің өзі дәлел. Адал еңбек ету арқылы, ұрпағының бойына еңбек пен адалдықтың дәнін сепкен өнегелі отбасылар, жеке азаматтар арамызда көп. Оларды көпшілікке насихаттау арқылы біз қоғам мен елдің дамуына елеулі әсерімізді тигізе аламыз. Бұл – еліміздің, елдігіміздің алға қойған мұраты. Шаруасы шалқыған «Ұлжан» шаруа қожалығының жұмысы, онда адал еңбек ету арқылы абыройға бөленіп жүрген азаматтар қоғамға қай жағынан болсын үлгі болып қала бермек…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Leave A Reply

Your email address will not be published.