АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ФЕЛЬДШЕР

85
Ердің атын еңбек шығарады. Әр азамат ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, ел құрметіне бөленеді. Осы бір сөз аудандық орталық ауруханаға қарасты жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Мұхтар Қуатовқа арнап айтылғандай.
Сөзі дауа, емі шипа, жылы жүзді Мұхтар Сержанұлы — талай адамға көмегін көрсетіп, алғыс арқалаған ақ халатты абзал жандардың бірі. Өз кәсібін мақтан тұтатын, ізденуден жалықпайтын жас жігіт 13 жылдан бері талай адамға өмір сыйлаған десек артық айтпайтын шығармыз.
Мұхтар Қуатов 1990 жылдың 30 қаңтарында   ауданымыздың Көкбастау ауылында дүниеге келген. 2005 жылы орта мектепті бітірген соң Жамбыл медициналық колледжіне түсіп, 2009 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын 2010 жылы ауданымыздағы орталық ауруханаға қарасты жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып бастайды. Осы салада жұмыс жасап жатқанына 13 жылға жуықтапты.
-Әкем Сержан Әбуұлы аудандық статистика басқармасында статист болып қызмет етеді. Анам отбасының жағдайын жасап, немерелеріне өнегелі тәрбие беруде. Мамандығымды жүрек қалауымен таңдадым. Күніне 40-қа жуық  шақыруға барамыз. Науқастарға алғашқы көмекті беру кезінде сабырлылық пен төзімділік, салқынқандылық ауадай қажет. Өйткені түрлі науқастармен бетпе-бет келесің, дерттің де түрі көп. Адамның денсаулығы бәрінен маңызды болғандықтан фельдшерлердің арқалаған жүгі өте ауыр. Науқасты ауруханаға жеткізгенге дейін аурудың диагнозын дұрыс қоя білудің маңызы зор,-дейді Мұхтар Сержанұлы бізбен әңгімесінде.
Кәсібіне адал, білікті фельдшер Мұхтар Қуатов білімін жетілдіріп, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Жақынымыз қатты ауырып, көмек бере алмай қиналғанымызда Мұхтарға талай мәрте жүгіндік. Қолынан келгенше көмегін беріп, уақытпен санаспайтын қарапайымдылығына тәнті болдық.
Жаста болса, білімі мен біліктілігінің арқасында елдің шынайы ықыласына бөленген, өз ісінің майталманы атанған Мұхтар Сержанұлы үшін алғыстан үлкен марапат жоқ. Ел алғысына бөленген ол  2 ұл, 2 қыздың әкесі. Отбасында үлгілі әке, әріптестері арасында сыйлы дәрігер.

Махаббат Ботанқұлқызы.
Сарыкемер ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.