Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Білім күнімен тұспа-тұс келген «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген тәмсілімен тұжырымдады.
Әрине, жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінеді. Осыған баса мән берген Президент ел азаматтарын, Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Президент айтып отырған болашақта ел тізгінін ұстайтын осындай азаматтарды тәрбиелеу үшін сапалы білім, қолайлы орта керек. Жолдауда бұл мәселе назардан тыс қалмады. Әсіресе «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет ететін мамандар үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Қазіргі уақытта балалардың қолайсыз жағдайда білім алуы, әрине, өз кедергісін келтіреді. Ендеше, осы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру сіз бен біздің қолымызда.
– Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жұмыссыздық мәселесін шешу, кәсіп ашамын деген азаматтарға қолдау танытуға да құнды құжатта мән берілді. Бұл жөнінде Президент: «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді. Бұл дегеніміз – еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек ететін білімді, ойы азат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар бұл игі бастамаларды әрі қарай өрістетіп, баянды болашаққа кепіл болады.
Тағы бір қуанышты жаңалық – алдағы күнде елімізде балаларға арналған Ұлттық қор пайда болады. Оған жыл сайын аталған қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында кеңінен айтқан болатын.
– Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы құнды құжатта. Демек, Ұлттық қордағы ақша бала кәмелетке толғанға дейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл ретте қордың біздің балаларымыздың болашағы үшін жұмыс атқаратыны шынымен жылы хабар екені айқын.
Президенттің әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы туралы айтылатындығымен құнды. Бұл құнды құжатта да өзекті мәселелер талқыланды. Әлбетте, жаңа бастамалар шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп екені белгілі.
– Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз, – деген Президенттің сөзі осыған дәлел.
Өз халқының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргісі келетін Мемлекет басшысы: «Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!», – деп жастарға жалынды жігер берді.
Бұрынғы Жолдауларында Президент елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, енді Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды белгілеп берді. Осының өзімен-ақ Мемлекет басшысы саясаттағы ең басты капитал адам екеніне көзі жеткен экономикалық және саяси жетілудің шыңынан көрінеді. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген – білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру – міне, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз.
Бір жылдың ішіндегі екінші Жолдауында Президент Қаңтар оқиғасының қатысушыларына бір реттік рақымшылық жасалатынын, бірақ мұның ауыр қылмыс жасағандарға қатысы жоғын жеткізді. Одан бөлек, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас межесінде қалатынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау мәселесіне келгенде, Жолдау иесі алдағы екі жылда 650 ауылда медициналық және фельдшер-акушерлік пункт ашылады деп уәде етті. Президент сонымен қатар кәсіпкерлерді несиелеу құнын азайтуды, салық саясатын жақсартуды ұсынды.
– Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жолға қойды.
Жолдаудағы ең маңызды жаңалық – президент өкілетілігін шектеу. Бұған қатысты Мемлекет басшысы өз ойын былай сабақтады. «Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады». Бұл, расында, шынайы демократияға бағытталған бастаманың шынайы көрінісі.
Бұл құжаттың тағы бір өзгешелігі – халықтың шын мәнінде жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ешінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты дамудың кепіліне айналды. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар.
Жұмаш Жолболды