Абай Құнанбайұлы.Бұл есім – қазақ халқының жүрегінде мәңгі жаңғырып тұратын ұлы ұғым. Ұлттың рухани көсемі, даналық пен әділдіктің символы.
Абай Құнанбайұлының өмірі күреске толы өмір болған. Ол туған заман – ел ішін надандық жайлаған, ру таласы мен күншілдік үстем болған кезең. Бірақ сол қараңғылықтың ортасынан жарық сәуле болып жарқ еткен Абай Құнанбайұлы өз халқын оятуға, ойландыруға, түзеуге ұмтылды. Оның қаламынан туған әрбір өлең, әрбір қара сөзі – халықты рухани тазалыққа шақырған үні еді. Мысалға «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым…» деп егіле жырлаған ақынның өлеңдерінен елге деген жанашырлық, терең мұң сезіледі. Ақын өзінің өкпесін де, үмітін де халқының жүрегіне жеткізгісі келген. Абай Құнанбайұлы үшін өмірдің мәні – адам тану, адамды сүю. Адам бойындағы мейірім мен ақылдың, әділет пен еңбектің қадірін бәрінен биік қойған. Ақынның сөзі – тәрбиенің, білімнің, адамгершіліктің кілті. Халқын қараңғылықтан шығаратын жалғыз жол – ғылым мен білім екенін жақсы түсінген. «Ғылым таппай мақтанба» деп жас ұрпақты бос мақтан мен жалқаулықты тыйып, ізденіске, еңбектенуге үндеді. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас» деген қарапайым жолдың өзінде тұтас ұлтты еңбекқорлыққа баулитын терең философия жатыр. Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін оқыған сайын жан дүниең тербеліп, жүрегің тазарып, өзіңді қайта танығандай боласың. Өйткені оның әр сөзі – өмір айнасы.
Ақынның шығармаларында табиғат пен адам, махаббат пен өмір, жақсы мен жаман, ақ пен қара – бәрі бар. «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» деген өлеңдері мен әндері қазақ даласын ғасырлар бойы тербетіп келеді. Сол әндерді тыңдағанда жүрек тазарады, жан жай табады. Абай Құнанбайұлының мұрасы тек қазаққа ғана емес, барша адамзатқа ортақ. Ол шығыстың даналығын, батыстың білімін тоғыстыра білген ойшыл. Гете, Лермонтов, Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлт әдебиетіне жаңа тыныс әкелді. Өз халқын әлемдік өркениетке қосуды армандады. Қазақты өзгелермен тең дәрежеде ойлай алатын, сезіне алатын, биік рухты ел ретінде көргісі келді. Бүгінгі ұрпақ үшін қалдырған мұрасы – жол нұсқаушы шамшырақ секілді. Уақыт өзгерсе де, заман жаңарса да, оның айтқан ойларының маңызы жойылған жоқ. Керісінше, қазіргі қоғамда Абай Құнанбайұлының айтқандары бұрынғыдан да терең мәнге ие болып отыр.
Абай Құнанбайұлының арманы – рухы биік, ойы терең, жүрегі таза ұлт қалыптастыру. Ақын халқын сүйді, бірақ сонымен бірге талап та қойды. Өйткені шын сүйіспеншілік – халықты мақтау емес, оны түзетуге ұмтылу. Өз халқына деген махаббаты – әділдік пен мейірімге негізделген махаббат. Оның «толық адам» ілімі – адамдықтың ең биік өлшемі. Толық адам – ақыл, жүрек, қайрат үшеуін тең ұстаған жан. Абай Құнанбайұлы үшін бұл үшеуінің бірлігі ғана адамды шынайы кемелдікке жеткізеді. Бұл ой – бүгінгі адамзат үшін де мәңгілік өмір сабағы.
Ақынды тану – өзімізді тану. Ақынды сүю – ұлтымызды сүю. Абай Құнанбайұлының сөзі – ұлттың жүрегіндегі мәңгі шырақ. Сол шырақ ешқашан өшпейді. Өзі өмірден өткенімен, сөзі мәңгілік. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған?» деп өзі айтқандай, қазақтың рухында, қазақтың санасында ол мәңгі өмір сүреді.
Бүгінгі ұрпаққа аманат – ақынның мұрасын ұмытпау, оны оқу, түсіну. Сонда ғана біз шын мәнінде рухани биік, парасатты ел боламыз. Абайды оқу – өзіңді тәрбиелеу, жүрегіңді тазарту, санаңды ояту. Абай Құнанбайұлы өткеннің емес, бүгінгінің де, ертеңгінің де ұлы ақыны. Жас ұрпақ осыны жүрекпен түсінсе екен дейміз.
Айнұр Диханова.