Абай университетінде ғылым ардагерлері марапатталды

88

9 сәуірде Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Ғылым декадасы-2024» аясында Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Жиында әлемдегі ғылымның даму тарихына арналған презентациямен, сондай-ақ 96 жылдық тарихы бар тұңғыш университеттің оқытушылары мен ғалымдарының ғылыми жетістіктерін көрсететін фильммен басталды. Университет қауымдастығында ғылыми саланың рухы мен құндылықтарын бейнелейтін Ғылым декадасының әнұраны орындалды.

Болат Тілеп университет пен оның ғалымдарының ғылыми жетістіктерін атап өтіп, зерттеушілердің, оның ішінде жас ғалымдардың жоғары әлеуетін бағалап, ғылыми қызметті дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Біз еліміздегі жетекші педагогикалық зерттеу университеті мәртебесін алуға және Орталық Азия өңіріндегі академиялық басымдықтың орталығына айналуға ұмтыламыз. Ол үшін алдымызға орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына басымдық беретін ғылыми жобалардың санын арттыру, университет базасында орындалған ғылыми зерттеулер нәтижелеріне мониторинг жүргізіп, коммерциаландыру көздерін арттыру, «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркінің құрамында озық технологиялық, инновациялық және шығармашылық зертханаларды іске қосу және олардың өзін-өзі қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру сияқты перспективалық міндеттер қойып отырмыз.», — деді ректор.

Іс-шара барысында ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін ғылым ардагерлері: ҚР ҰҒА академигі Салахиден Сабикенов; ғылым докторлары, профессорлар Марат Күлбек, Берікжан Әлмұхамбетов, Нұрлан Ахметов, Құрман Мұратаев, Бақытжан Төлеубекова және Балқия Қасым марапатталды. «Ғылыми жобалардағы жоғары белсенділігі үшін» ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру жобалары бойынша ең көп саны бар кафедралар марапатталды. Сондай-ақ, университет ғалымдары 2023 жылғы жоғары ғылыми көрсеткіштері үшін «Ғылымға қосқан баға жетпес үлесі үшін», «Ғылыми жобаларды басқарудағы айрықшалығы үшін» және «Scopus және Web of Science базаларында жарияланым белсенділігі үшін» номинациялары бойынша марапатталды.

Университет пен мектептер арасындағы ынтымақтастық аясында іске асырылып жатқан «Органикалық қалдықтарды өңдеуде оқу-тәжірибелік алаңдар ашудың педагогикалық мүмкіндіктері» пилоттық жоба нәтижелері бойынша мектеп оқушылары жобаның құрылу тарихы, оның мақсаттары мен ағымдағы жай-күйі туралы айтып, өз нәтижелерін көрмеге ұсынды.

Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада жас зерттеушілерге арналған «Жас кәсіпкер» Ректор гранты Startup жобаларының конкурсы жарияланды.

Ғылым декадасы алты негізгі модуль: «Педагогикалық зерттеу университетіне трансформация», «Ғылым және инновация», «Ғылыми байланыс: университет – колледж – мектеп», «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық», «Республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграция»  және  «Өнер мен спорттың ғылымдағы рөлі мен маңызы»  бойынша өткізілетін бірқатар іс-шаралармен жалғасуда.

https://turkystan.kz/article/242012-abay-universitetinde-ylym-ardagerleri-marapattaldy

Leave A Reply

Your email address will not be published.