(қос ғұламаның деңгейлестігі хақында сыр-сұхбат)
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, белгілі қаламгер Төрегелді Тұяқбай Астана қаласынан Семейге іссапармен келген-ді. Төрегелді кеңес заманынан КСРО Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, аудармашы. Мәселен, немістің ұлы перзенті Иоганн Вольфганг Гетенің (1749-1832) біраз шығармаларын қазақ тіліне түпнұсқадан аударды. Гететанушы ғалымды сұхбатқа шақырдық. Ондағы мақсатымыз – Абай және Гете деңгейі бір теңдес тұлғалар екенін дәйектеуге саяды.
«Махаббатсыз – дүние бос!»
Абай
«Что за жизнь без любви?!»
Гете
– Төрегелді мырза, ұлы Абайдың отаны – Семей қаласына қош келдіңіз! Абай мен Гете әлемдік деңгейдегі ұлылар. Ұқсастықтары неде, олардан алар ғибратымыз қайсы? Осы төңірегінде әңгіме өрбітсек.
– Дұрыс айтасыз, Асеке, Абай да, Гете де әлем ойының алыбы. Гетенің «Әлем әдебиеті» тіркесін алғаш енгізгені мен Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй» дегені соның тамшыдай мысалы. Екі ғұламаның деңгейлестігі жайлы сөзді «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінен бастайық:
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
Бұл Абайдың Гете-Лермонтовтан дәлді аударған еңбегі, тәржімәнің көкесі. Гетенің өлеңін Абай, шыны керек, жаңа деңгейге көтерген ғой. Батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы, оны Герағаң (Герольд Бельгер) да құптаған, Гетеге, түпнұсқаға үш, Лермонтовқа төрт, ал Абайға бес деген бағасын береді. Неге? Себебі Гете жырында акцент табиғат Анаға, ал Абайда жан дүниеге түседі.
– Естуімше, «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі Ильменау деген таулы жерде жазылған. «Тыншығарсың сен-дағы, Сабыр қылсаң азырақ» деген әуеннің сырлы астары неміс халқының жүрегін жаулады дей аламыз ба?
– Мен Германияға сан рет барған адаммын. 2018 жылы Гете туып-өскен аумақта (Веймар, Майндағы Франкфурт қалалары) жарты жыл тұрдым. Сонда көзім жеткені – неміс үшін Гете ерекше қастерлі. Оның музейлері көп, жаңағы өлеңге ән жазған неміс сазгерлері де аз емес. Алайда неміс халқының жүрегіне жол тапқан Абайдікі, неге десеңіз, Ильменау көгінде, әлбетте, сол Абайдың әні қалықтап тұрады. Мұның мәнісін сұрағанымда жанға қуат беретін қасиет бар деген жауап алдым. Демек, өлеңнің сөзі ұғылмаса да ән тыңдаушы жүрегіне жылы тиген. Фәни өмір уақытша, мәңгілік тылсымда. Осыны сезінген сирек сәттерде ғана жанымыз тыныштық табары хақ.
– Өте жақсы, енді Абай мен Гете ұқсастықтары неде екеніне тоқталсақ…
– Асеке, олардың арасында ұқсастықтар көп және әрқилы. Алдымен екеуі де ақын әрі қайраткер. Он-он бес жыл Абай болыс та, би де болған десек, Гете Веймар княздігінің ондаған жыл қорғаныс министрі, сонымен бірге, саяси-мәдениет саласын да басқарған ғой. Ильменау мен Шыңғыстау келбеті ұқсас, Ертістің Семейді қақ жарып ағатыны сияқты Франкфурт қаласын Майн өзені екіге бөледі. Екі тұлға да кедейшілік, жоқшылық көрмей өмір сүрді. Әйтсе де, өз ортасынан дос таба алмады. Жабықты. Гетенің жалғыздық себебін айтқаны:
Тобырменен дос болып, шықтым жолдан,
Танып соны, ақыры қалдым жалғыз!
Абай да «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» демей ме, жан сұранысын шығармашылық пен ғылым-білім сарасынан таппай ма…
– Тап солай, бірақ екі халықтың данышпан перзенттері өмір сүрген уақыт, тарихи-мәдени кеңістік тым алшақ емес пе. Сол себепті көкейіміз түкпірінде «Екі ғұламаны салыстыру артықтау емес пе? Қатарластықтары қайтіп дәлелденбек?» деген күмәнді сұрақтың құлағы қылтияры анық.
– Олар рухани бауырлас деуге бұлтартпас дәлелдер мол-ақ. Біріншісі, ағартушылық қызметтері. Гете дәуірі 18-ғасыр немістерде түнек: қырқысқан кінәздіктер, алауыздық пен надандық. Герольд Бельгер «Абай мен Гете» атты мақаласында Гете де «немістердің айналасы азғындыққа толып барады. … Біздер, немістер, күні өткен жұртпыз» деп күрсінген дейді. Туған халқын «Адам емессіңдер, даладағы аңдарсыңдар» деп сөкті дейді. Ол да шаршамай-талмай халқын адамдыққа баулыды, Абай сияқты «бес асыл іске» (немісше – funf dinge) шақырды. Әсілі, Абайды еске салатын осы «мыңмен жалғыз алысқандығы» ғана емес. Неміс ғұламасы бірде:
Жоқ, асықпай жетіліп жылдар бойы,
Саф алтындай сомдалып, піссін ойың.
Сыртын емес, сөзіңнің түзе сырын,
Кейінгіге мұра боп қалсын жырың! –
десе, енді бірде:
Біреуге ұнау үшін жыр жазбаймын,
Өнеге іздеп тапсаң болғаны тек! –
дейді. Тап осындай ой мен сезім Абай поэзиясында кемерінен асып төгіледі ғой. Тағы бір ұқсастық, поэзиялары жаңашыл, шымыр, қуатты. Өлеңдерінің мазмұны мен ұйқасы бөлек, бәрі де жаңа тұрпатты. Екі ақын арасы бір ғасыр деп көр. Анығы, қос ақын да ағартушылық, ақындық қуатымен ұлттың сана-сезімін жаңа биікке көтерді. Екеуі де ұлт данагөйі, оның рухани пірі, бұдан асқан ұқсастық пен үндестік бола ма…
– Солайы солай. Бірақ «Екі түрлі нәрсе ғой – сыр мен сымбат» демекші, осы айтылған дәлелдің бәрі ішкі емес, сыртқы сымбат. Енді сол ұқсастықтан даналық деңгейлестікке ауысайық. Ұлт ұстазынан жалпыадамзат биігіне сатылаған кезеңге келейік. Осы хакімдік кезең жайында не айтасыз?
– Әлемдік рух биігі дегеніміз – Жаратушыны тану мен жүрек культі. Адам баласы кемелдену жолын таңдауына таразы – махаббат, мейірім. «Жаратушы Иеміз сені махаббатпен жаратқан, демек, дүниеге, Тәңірінің барлық жаратқандарына сүйіспеншілікпен қара, бұл адамдық борышың». Қай хакімнің болмасын кредосы осы. Олар үшін махаббат (жүрек тазалығы) ең басты категория. Абай мен Гете – екеуі де өзін һәм Жаратушыны таныған шын хакім, яки толық адам болған. Адам өмірінің мақсаты мен Алланың оған салған жолын ұқтыру, сөз жоқ, сирек генийдің ғана сыбағасы. Міне, Абай мен Гете даналығы теңдес деуіміздің кепілі осы арада.
– Қарапайымнан күрделіге сатыладық. Екі алыптың туыстық генезисі, қазақы тілмен айтсақ, оларды жұптастырған махаббат деген көген жіпті де таптық. Сол көген жібіміз желісін қайдан тартады?
– Махаббаттың түп-төркіні Шығыс қайнары, дәлдісі, сопылық ілім деуге бейілмін. Мәселен, Шығыстың жеті шайырының аруағына сыйынған Абай «Медет бер!» демей ме, сол сияқты Гете де олардан рухани нәр алып, өле-өлгенше пір тұтып өтті. Оған мықты дәлел – «Батыс-Шығыс диуаны (жинағы)» атты көлемді еңбегі. Ол – ғашықтық гимні. Өмірдің түп мақсаты жайында Абай атамыз:
Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен? –
дейтін болса, Гетеге де тыныштық бермеген сол мақсат. Көңілі шарқ ұрып, ойында «күні-түні бір-ақ Тәңірі» болған (сопылық поэзияға рахаттанған, сондай-ақ Құранды танып-білуге құмартқан). Оған, әсіресе, әйгілі «Фауст» трагедиясы айдай айғақ.
– Абай мен Гете арасындағы сәйкестік таңғаларлық. Осыған көз жеткіздік. «Тасдиқ» (қазіргі 38-ші қарасөз) атты трактат пен «Фауст» трагедиясы. Осы екі ұлы еңбек арасындағы ортақтық неде? Оларды салыстыру қаншалықты қисынды әлде олар үш қайнаса сорпасы қосылмайтын туындылар ма?
– Айтылмай келген дүниені көтеріп отырсыз. Сыртын танып іс бітпес, гәп ішкі мазмұнда. Екі шығарма мазмұны тонның ішкі бауындай жақын. Олай болатыны, екеуінде өзек бір, ол – «кемел адам» идеясы. «Тасдиқ» трактаты – адам жетілуінің ғылыми-теориялық негізі екенін өзіңіз де білесіз. Гетенің аталмыш шығармасы осыны, яғни «пенделіктің кәмәлатын» (Абай) көркем әдебиет тілімен бейнелеген. Принциптік айырма осы ғана. Екі автор да – хакім, демек, олардың танымы Батыс-Шығысқа, сондай-ақ ұлтқа, дінге бөлінбейді. Оған екі шығарманың да тылсым әлемінен екенін ғайып тілімен жазылғанын қосыңыз.
– Олар жүрекпен жазылған дегеніңізге толық қосыламын. «Тасдиқ» пен «Фауст» арасындағы параллельдің себебі, адамның рухани кемелдену заңдылығы күллі адамзатқа ортақ. Мысалға Абай жарым адам, адам және толық адам деп үшке бөледі жетілу жолын. «Толық адам» концепциясын негіздей келе: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз), оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп қорытады. «Фауст» ше? Әлемдік шедеврдің финалы қайсы? Осыны айта кетсеңіз…
– Бек шетін, бек нәзік мәселе бұл. «Фауст» трагедиясы екі бөліктен құралған. Әуелгісінде адам, кейінгісінде толық адам деңгейі суреттелген. Сан алуан сынақтарға толы болған өмірінің ең соңында бас кейіпкер Фауст: «О, қас-қағым, тоқта! (О, мгновение, остановись!)» дейді. Бұл не дегені, қандай астар бар? Бұл автордың кейіпкерін кемел (толық) адам сатысына көтерген сәті. Фәни өмір арбауынан құтылғанын аңғартқаны деуге керек. Уақыт рух биігіне шарасыз, оған әмірі жүрмек емес. Демек, жан егесі Фауст нәпсі-сайтанды жеңді! Фауст Мефистофельге (шығармадағы сайтан бейнесі) жанын сатты деу таяздық, тегі. Кейіпкерін жаңа Абай айтқан Құдай жолына салмаса, оны сайтанға жеңгізсе, Гете Гете бола ма… Әңгіменің қысқасы, Абайды оқысақ, Гетені танимыз, Гетені оқысақ, Абайды танимыз. Сөзімді осымен сабақтағым келеді.
– Әлбетте, екі алып жайлы жеткілікті айтылды, онан не ғибрәтлендік?
– Сен тән емес, жансың, сондықтан ар сақта. Өзгелерге пайдам тисінді ойлап өмір сүр. Қиянаттан қаш, тек жақсылықпен жарыс. Бақытты болу Құдайдың сүйген құлы болудың өзгедей жолы жоқ. Міне, екі ұлының айтқан өсиеттерінен түйер түйін осы.
– Төрегелді мырза, қазір заман да, қоғам да басқа. Бүкіл дүние танымастай өзгерді. Тек Абайдың толық жинағы ғана кеңестік билік кезінде қалай болса, тап солай басылып келеді. Оған деген көзқарасымыз өзгермей, жаңғырмай қалды. Абайтануды тұралатқан шідер-тұсаудың бірі осы болса керек. Осыған көзқарасыңыз…
– Ұлы Абайды тану мен таныту ісінің кенжелеп қалғаны, айтары не, өзекті өртейтін өкініш. Жан азығы керексіз қоғамға айналдық, кімге өкпе артасың… Абай әлемге танылуы үшін алдымен рухани ұстазды қазақтың өзі толық танып алуы шарт. Мәселен, Гетені тану орталығы, мейлі, музейі дейсіз бе, Германияның әр қаласында барына кепілдік беремін. Абай атамыздың ескерткіші әлемнің ондаған елдерінде, ал Гетенікі жүздеген елде. Неміс ғұламасы бүкіл ай асты әлемге әйдік, ал оған деңгейлес Абай неліктен сол дәрежеде танылмай отыр дегенге айтарым: Абайтанудан Абай іліміне ауысар кез келді. Бұл жаңа деңгейге гететану тәжірибесін пайдалану, мәтінтану, герменевтика, хронотоп амалдарын тұтас қолдану арқылы жете аламыз.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Асан Омаров