АҚЫРТАСТЫҢ АСТАРЫНДА АҢЫЗ КӨП

1 647

Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Тараз топырағы — ғасырлар жұмбағын қойнауына бүккен қасиетті мекен. Мұнда жаһан жұртшылығының жанарын жаулаған, жанын баураған жауһар жәдігерлер де жетерлік. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп баға беруі де тектен-тек емес. Өйткені, Әулиеата жері — қазақ елінің қастерлі қарашаңырағы. Сондықтан да болар, туристер қауымының туған өлкеміздің тарихы мен табиғатына қызығушылығы жыл өткен сайын арта түсуде.

Бұл тұрғыда мемлекет және жергілікті билік тарапынан қолға алынып жатқан шаралар да баршылық. Оның бірсыпырасы өткен сенбіде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша Ақыртас кешенінде өткен баспасөз конференциясында әңгіме өзегіне айналды. Шараға Қазақстан Респубкликасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы келіп, журналистермен ашық пікірлесті.

Баспасөз конференциясы министрдің, облыс әкімі Асқар Мырзахметов және «Қазақстан темір жол» ҰК «Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының президенті Оралхан Кулаковтың Ақыртас кешенін, осы өңірдегі өзге де тарихи-мәдени нысандарды туристік орталыққа айналдыру мәселелерін қолға алуға бағытталған үш жақты меморандумға қол қою рәсімімен басталды. Айта кетейік, Ақыртас кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген.

Еліміздегі тарихи, мәдени ескерткіштерді көпшілікке кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылған жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, ой-пікірлерімен бөлісті.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Ведомство Қазақстанның киелі жерлеріне жыл сайын тұрақты түрде реставрациялау және консервациялау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалы, өткен жылы Көне Тараз, Көне Түркістан, Отырар, Сауран, Сарайшық, Ақтөбе (Баласағұн) қалашықтарына, Ақыртас кешеніне, Қ.А.Яссауи, Арыстанбаб, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Шоқай датқа кесенелеріне осындай жұмыстар жасалды. Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей нысан болып табылатын Ақыртас кешенінің туристер үшін өзіндік тартымдылығы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және Ақыртас кешеніне келушілердің саны 215 мың адамды құраған. Соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан, отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту біздің, яғни Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты. Бүгін қол қойылған меморандум Жамбыл облысындағы «Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» тәрізді тарихи-мәдени нысандарды кешенді зерттеуді, «Көне Тараз» музейі жұмысын жандандыруды, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің базасында туристік кластерді құруды көздейді, — деді А.Мұхамедиұлы.

Министр өз сөзінде бұл басқосудың Ақыртаста ұйымдастырылуының бір себебі Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен мәдени орталық болған нысанның назардан тыс қалуымен байланысты екенін айтты. Кезінде Түрксіб теміржолы салынғанда Ақыртастың талай тастары шойын жолдың құрылысына пайдаланылған, енді біразы шашылып қалған. Сол тарихи тастардың қайтадан орнына қойылуына «Қазақстан темір жолы» компаниясы көмектеспек.

Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген облыс әкімі Асқар Мырзахметов алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Облысымызда 3 400-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде Ақыртас кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кереметтері, Афины акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс ретінде бағалануда. Алдағы уақытта осы жерден этноауыл салу көзделуде. Сонымен қатар, мұнда келетін туристерге сапалы қызмет көрсететін демалыс орны да жасақталмақ, — деді өңір басшысы.

Әрине, туристердің барған жерінен кәдесый алып кеткісі келетіні бесенеден белгілі. Бұл, бір жағынан, шағын кәсіпкерліктің дамуына да өз септігін тигізбек. Сондықтан, алдағы уақытта Тараз қаласындағы бұрынғы «Шахристан» базарының орнынан қолөнер бұйымдарын, кәдесыйлар жасайтын шеберхананың ашылуы да жоспарланып отыр екен. Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан Ақыртас кешені ғасырдан астам уақыттан бері зерттеліп келеді. Алайда, әлі де тылсым сыры толық ашылмаған.

Бұл жерге зерттеу жүргізген ғалымдар түрліше пікір, тұжырым айтады. Базбір зерттеушілер Несториан немесе будда монастыры болған деп те болжаған. Бірақ, 1996 жылғы зерттеулер барысындағы көп колонналы түрде салынбақшы болған мешіт орнының табылуы бұл пікірді жоққа шығарды. Т.Қ.Басенов Ақыртас құрылысын VIII-IX ғасырлардағы қамал-сарай деген болатын. Енді бір зерттеушелір ежелгі Касрибас қаласы десе, келесі болжамдар бұны керуен-сарай деп топшылайды. Академик Карл Байпақов Ақыртасты VIII ғасырдың ортасындағы қарлұқ билеушілерінің резиденциясы деген тоқтамға келіп отыр. Зерттеушілердің ізденістері ислам дінінің қазақ даласына VIII ғасырдың ортасында ене бастағанын негізге ала отырып, бұл құрылыстың сол дәуірдің туындысы екендігіне көз жеткізуге болатынын растады.

Ақыртас жайлы алғашқы жазбаны 1222 жылы Қытайдан Сайрам арқылы Самарқандқа, Шыңғысхан қосынына барған даос тақуасы Чан Чун өз күнделігінде қалдырған. Ол «Жолда бізге тас қала кездесті. Тастар қып-қызыл түсті, көне әскери құрылымның іздері бар. Батысқа қарай бағытталған Үлкен аю жұлдызы секілді орналасқан көлемді зираттық үйінділерді көрдік» деп Ақыртастың жұмбағына таңырқағанын байқатыпты.

Академик Карл Байпақовтың айтуынша, тас блоктардың және басқа да кесек тастардың көлемі 115x50x50; 60x60x50 сантиметрге дейін жетеді. Ұзақ жылғы зерттеу нәтижелері қала құрылысының соңына дейін тұрғызылмай, аяқсыз қалғанын көрсетеді.

1905 жылы Әулиеата уезін басқарған В.Калаур өз күнделігінде Ақыртастың тастарын сол жерді мекендеген тұрғындар өз қажеттіліктеріне әкеткендерін жазыпты. Кейін Түрксіб теміржолы салынғанда мұндағы алып тастар теміржол көпірлерінің құрылысына қолданылған.

Бағзыдан сыр шертетін мұндағы қызыл түсті, түрлі пішіндегі алып тастар бұған дейін де шетелдік зерттеушілердің қызығушылығын тудырса, қазіргі уақытта да талай туристердің таңдайын қақтыруда.
Елімізде туризм саласын ілгерілетуге байланысты мәселелер талқыланған баспасөз конференциясының соңында барлық қатысушылар ұлттық нақышпен тігілген киіз үйлерде наурыз көжеден дәм татса, облыс өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жұртшылықтың көңілін көкке көтерді. Сонымен қатар Ақыртас кешенінің Сапар орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің жылжымалы «Рухани жаңғыруға бір жыл» атты көрмесі ұйымдастырылып, облыс аумағындағы тарихи орындардан табылған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Қамар Қарасаева

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.