А. Мырзахметов үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерін қабылдады

1 502

Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов үкіметтік емес ұйымдардың  жетекшілерін қабылдап, азаматтық қоғам институтын дамытуға үлес қосып жүрген жандардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жалпы, облысымызда 753 үкіметтік емес ұйым тіркелгенімен, қазіргі таңда оның 400-і ғана жұмыс атқаруда. Өткен жылы облыс бюджетінен ұйымдардың қызметін қаржыландыруға 706 миллион теңге бөлінсе, биыл қаражат көлемі 731, 4 миллион теңгені құраған.

Кездесуде  «Жамбыл облысы азаматтық альянсы қауымдастығының» төрағасы Заит Юлдашев, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нильзия Рахишова, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, «Жамбыл облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Серікбол Берікқожа сөз сөйлеп, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

Мәселен, Ринат Нұрақбаев облысымызда екі күннің бірінде өткізіліп жататын байқаулардың деңгейін көтеру мақсатында көркемдік кеңес ашу туралы ұсынысын білдірсе, Серікбол Берікқожа еңбек адамдарын насихаттауға басымдық беру туралы ойын айтты.

Ал, «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ықтияр Мырзахметов Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылына спорт кешенін салу жайын сөз етті. Сондай-ақ, басқосу барысында зағип жандардың қоғамдық көліктерде еркін жүріп-тұруы үшін жағдай жасау, мүмкіндігі шектеулі  азаматтардың күтушілеріне  төленетін жалақыны арттыру сияқты мәселелер де көтерілді.

Үкіметтік емес ұйым жетекшілерінің пікірлерін  мұқият тыңдаған Асқар Исабекұлы әрбір сұраққа жеке-жеке жауап беріп, ешбір ұсыныстың елеусіз қалмайтынын жеткізді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.