сурет: istockphoto.com
https://turkystan.kz/article/267230-2-singapur
Сингапурдың жалпы ішкі өнімі – 547,4 млрд доллар, әлем бойынша 27-орында тұр. Алайда елдің басты артықшылығы – жан басына шаққандағы ЖІӨ (PPP бойынша). 150,6 мың доллар – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай деңгей Сингапурдың шағын аумақ пен шектеулі табиғи ресурстарға қарамастан, адами капиталға, инновацияға және саудаға сүйенген табысты даму моделін қалыптастырғанын көрсетеді.
Сингапурдың әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексіндегі орны кейінгі бес жылда бірқалыпты сақталған десе де болады. Тек аздаған құбылу бар. 2021 жылы мемлекет бесінші орынға тұрақтаса, 2022 жылы үшінші орынға көтеріліп, ал 2023 жылы қайтадан төртінші орынға сырғыды. Бұл кезең елдің сыртқы сауда мен инвестициядағы жетістіктерімен қатар, жаһандық дағдарыстардың әсерін де айқын көрсетеді. Ал 2024 жылы Сингапур бірінші орынға шығып, әлемдегі ең бәсекеге қабілетті экономика ретінде мойындалды. Бұл жетістікке негізінен технологиялық инфрақұрылымдағы көшбасшылық, халықаралық саудадағы артықшылықтар және мемлекеттік басқарудың тиімділігі ықпал етті. Ал 2025 жылы Сингапур бір саты төмендеп, екінші орынға түсті. Бұл құлдырау салыстырмалы сипатта, өйткені ел өз позициясын жоғалтты дегеннен гөрі, Швейцарияның көрсеткіштері жақсарып, алға шықты деуге болады.
Шектеулі ресурспен шексіз мүмкіндік ашқан
Сингапурдың жалпы ішкі өнімі – 547,4 млрд доллар, әлем бойынша 27-орында тұр. Алайда елдің басты артықшылығы – жан басына шаққандағы ЖІӨ (PPP бойынша). 150,6 мың доллар – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Мұндай деңгей Сингапурдың шағын аумақ пен шектеулі табиғи ресурстарға қарамастан, адами капиталға, инновацияға және саудаға сүйенген табысты даму моделін қалыптастырғанын көрсетеді.
Экономикалық өсу қарқыны да айтарлықтай жоғары – 4,4 пайыз (11-орын). Бұл көрсеткіш, әсіресе жаһандық экономика баяулап, геосаяси тұрақсыздық ушығып тұрған шақта елдің тұрақты әрі серпінді даму жолында тұрғанын дәлелдейді. Инфляция деңгейі – 2,4 пайыз (28-орын), салыстырмалы түрде төмен деңгейде, бұл елдің ақша-кредит саясатының тиімді екенін көрсетеді.
Еңбек нарығы тұрғысынан да елдің позициясы нық: жұмыссыздық деңгейі небәрі 2 пайыз (5-орын), ал жұмыс күшінің саны – 4 миллион адам. Мұндай нәтиже білім беру жүйесінің сапасын, еңбек нарығының икемділігі мен үкіметтің жұмыс күшін қайта даярлауға бағытталған саясатын айқындайды.
Сингапурдың тағы бір басты күші – сыртқы сектор. Елдің ағымдағы шотының оң сальдосы ЖІӨ-нің 17,5 пайызындай болады (2-орын), бұл оның экспортқа бағдарланған экономикасының қуатын дәлелдейді. Сонымен қатар елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар қоры 2,6 трлн доллардан асады (5-орын), ал inward flows көлемі ЖІӨ-нің 31,6 пайызына тең болып, әлемде бірінші орынға шыққан. Бұл көрсеткіш Сингапурдың халықаралық капитал үшін ең тартымды хабтардың бірі екенін айғақтайды.
Қорыта айтқанда, Сингапурдың көрсеткіштері оның шағын мемлекет болғанымен, аса ірі экономикалық орталыққа айналғанын дәлелдейді. Географиялық шектеулерге қарамастан, адами капиталға, қаржы жүйесіне және жаһандық саудаға сүйенген даму моделі елді әлемдегі ең қуатты экономикалардың біріне айналдырды.
Экономика
2025 жылғы рейтингте Сингапурдың экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. Елдің ішкі экономикасы 75,0 балл жинап, әлемде 3-орынға көтеріліп, 5 саты жоғарылаған. Бұл ішкі нарықтағы іскерлік белсенділіктің артып, инвестиция мен тұтыну сұранысының күшейгенін білдіреді.
Халықаралық саудада Сингапур айқын көшбасшы: 76,6 балмен 1-орында тұр. Географиялық орны қолайлы болуы, логистикалық инфрақұрылымы мен еркін сауда саясаты елді жаһандық сауда орталығына айналдырды.
Халықаралық инвестициялар бойынша 86,5 балл жинап, әлемде 3-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш Сингапурдың шетел капиталын тартудағы артықшылығын сақтап отырғанын, бірақ бәсекенің күшейгенін көрсетеді.
Жұмыспен қамту деңгейі 68,7 балмен 6-орында. Бұл еңбек нарығының әлі де күшті екенін дәлелдейді, дегенмен кейінгі жылдары жоғары технологиялық секторларда білікті маман тапшылығы байқалып отыр.
Бір айта кетерлігі, мықты ақша-кредит саясатына қарамастан, биыл елдің баға тұрақтылығы 34,4 балмен 67-орынға түсіп кеткен. Инфляция қысымының күшеюі Сингапур экономикасы үшін басты сын-қатердің бірі болып тұр.
Сингапурдың экономикалық моделі – ішкі нарықтағы белсенділік, жаһандық саудадағы көшбасшылық және инвестиция тарту қабілетімен ерекшеленеді. Алайда бағаның тұрақсыздығы мен еңбек нарығындағы қысым алдағы жылдары мемлекеттің басты назарында болуға тиіс.
Үкімет
Сингапур үкіметінің тиімділігі халықаралық рейтингтерде үнемі жоғары бағаланып келеді. 2025 жылғы көрсеткіштер де осыны дәлелдейді.
Қоғамдық қаржы бойынша ел 75,3 балл жинап, 4-орында тұр. Бұл мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығы мен қарыз деңгейін бақылауда ұстаудың тиімді екені көрсетеді.
Салық саясаты бағытында керісінше төмендеу байқалады: 65,4 балмен 15-орынға түскен. Сингапурдың салық жүйесі дәстүрлі түрде бизнеске қолайлы саналса да, соңғы өзгерістер бәсекеге қабілеттілікті біршама әлсіреткен сияқты.
Институционалдық құрылым 77,0 балға жетіп, әлемде 2-орынға көтерілді. Бұл – заң үстемдігі, мемлекеттік басқарудың ашықтығы және жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігінің айқын көрінісі.
Бизнес заңнамасы бойынша да Сингапур 79,4 балмен 2-орында. Қарапайым әрі түсінікті құқықтық орта кәсіпкерлерге тұрақтылық пен сенімділік береді.
Ал қоғамдық орта (societal framework) көрсеткіші 65,8 балмен 12-орында тұр. Бұл азаматтардың сенімі мен әлеуметтік бірліктің әлі де жоғары екенін білдіреді, бірақ сәл кейін жылжу қоғамда әлеуметтік мәселелердің барын меңзейді.
Сингапурдың басты артықшылы-
ғы – мықты институционалдық жүйе мен бизнесті қолдауға бағытталған саясат. Дегенмен салық саясатының әлсіреуі және қоғамдық көрсеткіштердің сәл төмендеуі үкіметке жаңа міндеттер жүктеп отыр.
Бизнес тиімділігі
Сингапурдың экономикасындағы басты қозғаушы күштің бірі – бизнес секторы. 2025 жылғы көрсеткіштерге қарасақ, елдің бұл бағыттағы нәтижелері бірқатар сын-қатерлер барын айқындап отыр.
Өнімділік пен тиімділік 76,8 балға тең, бұл көрсеткіш Сингапурды 6-орынға ығыстырды. Жоғары нәтиже сақталғанымен, аздап төмендеу бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарығы 64,3 балл алып, 7-орынға түсті. Жоғары технологиялық және инновациялық секторларда кадр тапшылығы байқалып отыр.
Қаржы секторы 71,9 балмен 5-орында. Сингапур дәстүрлі түрде Азияның қаржы орталығы саналғанымен, кейінгі жылдары аймақтағы басқа ойыншылардың күшеюі оның позициясын сәл әлсіреткен.
Басқару тәжірибелері (management practices) айтарлықтай төмендеді: 66,5 балл, 12-орын. Бұл көрсеткіш корпоративтік басқаруда сын-қатерлердің пайда болғанын және стратегиялық икемділіктің әлсірегенін меңзейді.
Құндылықтар мен ұстанымдар да төмендеп, 77,3 балмен 11-орынға түсті. Бұл бизнес мәдениеті мен кәсіпкерлік рухтағы өзгерістерді білдіруі мүмкін.
Соған қарамастан, Сингапур бизнес тиімділігі бойынша әлі де әлемдік көшбасшылар қатарында. Алайда еңбек нарығындағы қысым, корпоративтік басқарудағы әлсіреу және кәсіпкерлік құндылықтардың төмендеуі экономиканың болашақтағы бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі ықтимал.
Инфрақұрылым
Сингапурдың экономикалық жетістіктері көбіне заманауи инфрақұрылымға сүйенеді. Биыл негізгі инфрақұрылым 63,3 балға бағаланып, бұл елді 11-орынға түсірді.
Технологиялық инфрақұрылымда Сингапур айқын көшбасшы: 73,4 балмен 1-орында. Цифрландырудың дамуы, жоғары интернет жылдамдығы және инновациялық технологияларды енгізу елді Азиядағы «смарт мемлекетке» айналдырды.
Ғылыми инфрақұрылым 71,8 балмен 15-орында тұр. Ел ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдауды жалғастырып келеді, бірақ жаһандық бәсекелестік жағдайында көшбасшылықты сақтау үшін инвестицияны арттыру қажет екені байқалады.
Денсаулық сақтау мен экология көрсеткіші 59,0 балға төмендеп, 29-орынға түсті. Бұл халықтың қартаюы, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің артуы және экологиялық тұрақтылық мәселелерін айқындайды.
Білім беру 70,6 балмен 8-орында тұр. Сингапурдың білім беру жүйесі дәстүрлі түрде мықты саналса да, соңғы көрсеткіштердің төмендеуі жаңа экономикалық қажеттіліктерге сәйкес жаңа қажеттіліктер туындағанын көрсетеді.
Сын-қатерлер
Сингапур – әлемдік сауда мен қаржы орталығы, бірақ жаһандық экономиканың өзгермелі жағдайы елге жаңа сынақтар әкеліп отыр. Елдің Сауда және индустрия министрлігінің бағалауынша, назарға алу қажет бірқатар бағыт бар.
Жаһандық экономиканың бөлшектенуі. Әлемде сауда соғысының ықтималдығы артып келеді. Бұл Сингапур сияқты ашық әрі экспортқа тәуелді экономика үшін үлкен қауіп, себебі сауда ағындарының бұзылуы елдің негізгі табыс көзін әлсіретуі мүмкін.
Шектеулі ресурс жағдайында бәсекеге қабілеттілікті сақтау. Географиялық көлемі шағын, табиғи ресурстары аз Сингапур бәсекелестік артықшылығын білімге, инновацияға және технологияға сүйене отырып сақтауға тиіс.
Жаңа технологиялар тудыратын өзгерістер. Жасанды интеллект секілді технологиялық серпілістер үлкен мүмкіндіктермен қатар, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан ірі сынақтар әкеледі. Ел үшін басты міндет – жұмысшыларды қайта даярлау, жаңа дағдыларды дамыту және бизнесті трансформациялау арқылы технологиялық өзгерістерге бейімделу.
Сингапурдың болашағы сыртқы саудадағы тұрақсыздыққа қарсы тұру қабілетіне, ішкі ресурстардың тиімді пайдаланылуына және технологиялық төңкерістерді мүмкіндіктерге айналдыруына байланысты. Бұл елдің дәстүрлі икемділігі мен стратегиялық ойлау қабілеті тағы да сынға түспек.
Жалпы алғанда, Сингапурдың рейтингтегі өзгерістері оның икемді әрі бейімделгіш экономика екенін көрсетеді. Бірінші орыннан екінші орынға төмендеу елдің әлсірегенін емес, бәсекенің күшейгенін білдіреді. Экономикалық саясаттағы тұрақтылық, халықаралық нарықтағы ықпал және инновацияға бейімділік Сингапурды әлі де көш басында ұстап тұр.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/267230-2-singapur