Жастар жылының жауапкершілігі зор

910

23 қаңтардан бастап Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталды. Аталмыш бастама алғашында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген болатын. Жолдауында бұл жыл жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін айтқан еді.
Ел ішінде, әсіресе жастардың қызу қолдауын тапқан бастама жүзеге асып, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Осыған орай, Астанада ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шараға Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, «Барлық ұсынылған идеялар жастар мен отбасын дамыту саласындағы арнайы Жол картасында көрініс табуы тиіс. Екі жылдан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл дата жастардың патриоттық тәрбиесі үшін аса маңызды. Осыған байланысты Үкіметке еліміз үшін маңызды мерейтойға дайындық пен оны атап өту шаралары бойынша бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», — деген болатын.
Жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы, сондай-ақ, жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Биыл жүзеге асуы тиіс аса маңызды бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
Атап айтқанда, Президент әуелі жастардың баспанамен қамтылу жайына терең тоқталды. Ел көлемінде жас буынға арнап тұрғын үйлер салу жайын тілге тиек етіп, бұл бағыттағы мәселені шешуге «7-20-25» бастамасы да бағытталғанын жеткізді. «Осындай баспанаға жұмыс істейтіндер үміт арта алады. Жұмыс — ол әл-ауқаттың негізгі көзі. Сондықтан жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға барлық меншік түріндегі кәсіпорындар белсенді түрде қатысуы қажет. Бұл тұрғыда біздің барша ірі компанияларға үндеу жасап отырмын», — деді Президент.
Сонымен қатар, Елбасы Тәуелсіздің тумаларының жігері мен қуаты мол, өмірге деген көзқарасы жаңаша екенін айта отырып, осыны пайдалана отырып жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін ескертті. Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл мақсатта жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаражат көлемін екі есеге арттыруды жүктеді.
Біздің көңілімізден шыққан – Н. Назарбаев ауыл жастарына ерекше көңіл бөлгені болды. Сөзінде Мемлекет басшысы «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керектігін айтты. Осыған орай, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейту, көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыру турасында да терең толғанды.
Осы қатарда Елбасы жас ғалымдарды ынталандырып, «Жас маман» бағдарламасын дайындау, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту жайында да сөз қозғады.
Президенттің Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзін тыңдай отырып, біз – ауыл жастары үлкен әсер алдық. Мемлекеттің жастарға деген қолдауы артып жатқанына шынайы қуандық. Әрине, «жанам деген жүрекке от берген» Елбасының бұл бастамалары кімге болмасын жігер беретіні рас. Десе де біз мемлекет қолдауына сеніп жата беруді емес, өзіміз талпынып, алға ұмтылуды көздейміз. Бұл мақсатта өткен жылы ауыл жастарына арналып бірқатар жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде жастардың қолымен волейбол алаңшасы соғылуын атап өтсе болады. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 3,9 млн. теңге қаражат бөлініп, салынған шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілгені де ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысушылар санын арттыруға үлкен септігін тигізіп отыр.
Аталған жұмыстарды жалғастыру мақсатында Жастар жылында да жүзеге асыруды көздеп отырған жоспарларымыз да бар. Осыған орай жуырда Қызыл жұлдыз ауылдық округінің жастары округ әкімі Ө. Нұрбаевпен арнайы кездескен болатын. Аталмыш жиында ауыл жастарын толғандыратын бірқатар мәселелер ортаға салынып, бірқатар ұсыныстар да айтылды. Еркін форматта өткен кездесуде жастар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің бірі – жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортпен шұғылдануға жағдайлар жасау болды. Осыған орай округ әкіміне жергілікті бюджеттен ауылдың орталық саябағынан баскетбол алаңшасы салынса деген өтініштер айтылды. Жиында айтылған әрбір мәселе шешімін табатынын, ұсыныстар ескерілетінін айтқан ауыл әкімі ел игілігі үшін айтылатын кез-келген мәселеде жастарды қабылдауға дайын екендігін жеткізді.
Бұдан бөлек, ауыл жастарының ұсыныстары бойынша ауылдық округте орналасқан орталық саябағына «Жастар саябағы» деген ат беріліп, саябақтың тазалық жұмыстары, сенбіліктер жастарға тікелей тапсыруды қолға алмақпыз. Осы арқылы біз жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, ауылдың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуға баулу, қоршаған ортаны қорғауда жастардың жауапкершілігін оятуды көздеп отырмыз. Осы шара аясында саябаққа наурыз айында жастардың бастамасымен 1000 түп қара тал егу де жоспарда бар.
Және де Ө. Нұрбаевпен кездесуде көтерілген баскетбол алаңшасы пайдалануға берілсе, елімізде көңіл бөлініп жатқан көше ойындарын ауылда дамытып, стритболдан облыстық деңгейде өнер көрсететін команда құрамын жасақтап шығару мақсаты да алдымызда тұр.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл жыл бізге жасалып отырған үлкен қамқорлық болуымен қатар, берілген үлкен мүмкіндік. Тиісінше, оның жауапкершілігі де ауқымды. Демек, біз – жастар осынау жасалып отырған жағдайды тиімді пайдаланып, өз әлеуетімізді арттыруға барынша күш салуымыз қажет. Сол мақсаттта ауыл жастары белсене еңбек етеде деп толық сеніммен айта аламын.

Қуаныш АРЫҚБАЕВ,
Байзақ ауданы әкімідігінің ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ
Қызыл жұлдыз ауылдық округінің
аға-инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.