Кәсіпкер ауылына спорт кешенін салып бермек

840

Ауыл – әр адамның темірқазығы, атамекені. Ел жаққа қарап, елеңдеп тұратынымыз да содан. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, туған жерін қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Мемлекет басшысы бұл туралы «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл – кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деп өте айқын түсіндірді. Міне, ауданымызда да осындай ел деп тұратын азаматтар жетерлік. Олар хәл-қадірінше ауылдың әл-әуқатының көтерілуіне әрдайым қолұштарын беріп тұрады. Әлбетте, бұл қатарға Балуан Шолақ ауылдық округінің тумасы Айтжан Әшімовты қосуымызға болады. Ол, шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, өзі туып-өскен Балуан Шолақ ауылының әлеуметтік өркендеуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосып келеді. Жерлесіміздің істің көзін таба білетін еңбекқорлығының бір дерегі ретінде айта кетейік. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Айтжан Рашидұлы Балуан Шолақ ауылының кіреберісіне ауылдың аты жазылған, келбеті келіскен арка орнатып берген еді.
Ауылының әлеуметтік өркендеуіне үлес қосып, перзенттік парызын өтеуді естен шығармаған жерлесіміз жуырда ғана Балуан Шолақ пен қар барысының ескерткішін салдырыпты. Аталмыш туындыны өңірімізге белгілі мүсінші Алтыбай Орманов жасаған екен. Биіктігі екі метр, салмағы бір тоннадан асатын ескерткішті мүсінші бір айдан аса уақыт жасапты.
Бұдан бөлек, кәсіпкер сол ауылдан жастарға арналған үлкен спорт кешенін салуды көздеп отырған көрінеді. Тіпті, өткен аптада грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровтің өзі аталмыш спорт нысанының қазығын қағып берді. «Қазіргі кезде Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіріп, олардың еркін жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Осы орайда, біз де өзіміздің туған өлкемізге қолымыздан келгенше көмек қолын созып, оның одан әрі өркендей түсуіне бір кісідей атсалысуға бел буып отырмыз. Мәселен, бүгінгі күні ауыл жастарының тұрақты түрде спортпен шұғылдануға құлшыныстары зор болғанымен, ауылда спорт нысандары жоқтың қасы. Ойлана келе, осы олқылықтың орнын толтыру үшін Балуан Шолақ ауылында үлкен спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Құрылысы келесі жылдың көктем айында басталатын нысанға жер телімін бөліп беру мен оның құжаттарын рәсімдеуде аудан әкімдігі қолдау білдіреді деген сенімдеміз» — дейді Айтжан Рашидұлы.
Жерлесіміз, жоғарыда айтылған Балуан Шолақ бабамыз бен қар барысының мүсінін жаңадан бой көтеретін спорт кешенінің алдына қоймақ ниетте екен. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының рухын көтеретіні айтпаса да белгілі. Осындайда, қазақтың «Ауылына қарап азаматын таны» деген аталы сөзі еріксіз еске түседі. Расымен де, туған топырағынан жырақта жүрсе де өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтардың бар екені көңіл қуантады. Жасыратыны жоқ, бұндай ауылдан берекенің ешқашан тарқамайтыны да белгілі. Сол себепті де, жерлесіміздің осынау игі ісі ауданымыздың басқа да кәсіпкерлеріне үлгі болса екен дейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.