Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жылу электр орталықтарының (ЖЭО) газ үшін миллиардтаған қарызы тарифтер бағасына қалай әсер ететінін түсіндірді.
Үкіметтегі брифингте Сұңғат Есімхановтың айтуынша, газ компанияларының берешектері бар және оларды өтеу тарифтерді көтеру арқылы жүзеге асырылады.
«Әрине, олар алдағы уақытта тарифтер есебінен жабылады», – деді Сұңғат Есімханов.
Оның айтуынша, тарифке отын шығындары ғана әсер етпейді. Бұдан бөлек, жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысына кететін шығындар да бар.
«Қазір біз өтінімдерді қарастырып жатырмыз. Менің ойымша, бұл соңғы тарифке айтарлықтай әсер етпейді. Орта есеппен 4–5 пайыз шамасында ғана әсер етуі мүмкін. Әрине, әріптестеріміздің шығындары өсіп жатыр. Сондықтан бұл қарыздарды жабу қажет.
Сондай-ақ ол уәкілетті органдар компаниялардың өтінімдерін қарайтынын және қоғамдық тыңдаулар өткізілетінін айтты.
Сұңғат Есімхановтың айтуынша, тарифтер бірнеше айдан кейін ғана өсуі мүмкін.