Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президентінің қабылдауында болды

502

Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сол елдің Президенті Александр Лукашенконың қабылдауында болды.

Сенат Төрағасы Беларусь басшысына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ең ізгі тілектестігін жеткізді. Қ. Тоқаев екі елдің мемлекет басшыларының сенімді қатынастарының арқасында Қазақстан мен Беларусьтің өзара қарым-қатынастары стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Парламенттің жоғарғы Палатасының басшысы әлемдік саясатта болып жатқан үрдістерге екі ел көзқарастарының жақын екеніне тоқталды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл бізге БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында нәтижелі ынтымақтасуға, түрлі халықаралық алаңдарда өзара қолдау мен күш-жігерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Бүгінде ықпалдастық бірлестіктерінің аясында тығыз әрі табысты қарым-қатынас қалыптасып отыр.

Сенат Төрағасы бүгінгі күнгі ең өткір геосаяси текетірестерді реттеудегі — украин және сириялық шиеленістердегі Минск мен Астананың мәмілегерлік маңызды рөлдерін атап өтті. Оның пікірінше, бұл біздің елдеріміздің халықаралық қатынастарды тұрақты даму арнасына түсіруге шынайы мүдделі болуынан туындап отыр.

Жүздесушілер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Мюнхень конференциясы Негізгі топтарының Минскіде өтіп жатқан отырысының күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев онда беларус мемлекеті басшысының сөзін атап өтті, оның айтуынша, форумның басқа қатысушылары да оны бағалап отыр.

«Іскерлік тұрғысындағы ашық әңгіме болды әрі халықаралық және еуропалық қоғамдастықтың атына да өте салмақты ишаратқа толы деуге болады», — деді Сенат басшысы.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, қатысушылардың өкілетті құрамы мен шарада талқыланатын мәселелердің ауқымы Беларусьтің әлемдік күрделі мәселелердің шешімін іздестіру үшін мойындалған алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.

1 қарашада Қ. Тоқаев Мюнхень конференциясы Негізгі топтарының Минскіде өтіп жатқан кездесуіне қатысты. Аймақтық қауіпсіздіктің кескін-келбеті шараға қатысушылардың дағдылы назарында болды. Беларусь астанасындағы пікірсайыста Шығыс-Батыс арасындағы өзара қарым-қатынастар, аймақтық текетірестер, Шығыс Еуропадағы экономикалық жағдай, сондай-ақ энергетикалық және трансұлттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қамтылды. Форумда мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, парламенттер төрағалары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ықпалды қоғам қайраткерлері мен талдау орталықтарының өкілдері сөз алды.

Қ.Тоқаев Минск процестері мен Шығыс пен Батыстың өзара қарым-қатынастарына арналған тақырыптық сессияларға қатысты. Қазақстан делегациясының басшысы конференция аясында Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті.

Әңгіме барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Қ.Тоқаев пен А.Саркисян саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықылас білдірді. Қазақстан Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің Төрағасы Михаил Мясниковичтің Инновациялық саладағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кіші комиссия құру туралы хаттамаға қол қоюы парламенттік құрам сапарының қорытындысы болды. Екі мемлекет парламенттері жоғарғы палаталар төрағаларының алдындағы келіссөзінде осы мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткен болатын. Бұл арнадағы өзара іс-қимыл парламентаралық үнқатысуда жаңа мүмкіндіктерді ашады және бірлескен жобаларды іске асыру мен қазіргі заманғы технологияларды ілгерілетуді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге байланысты оң нәтиже беретін болады.

Қол қою салтанатының соңында Қ.Тоқаев «Біз үкіметтерді де, үкіметтік еместермен қоса басқа да ұйымдарды дәл осы салада өзара тығыз іс-қимыл жасауға ынталандыруды өз міндетіміз ретінде көріп отырмыз. Беларусь экономикасы орнықты қарқынмен дамып келеді және Қазақстан бір жағынан Беларусь тәжірибесін зерделеуге, ал екінші жағынан осы салада өзара іс-қимылға мүдделі болып отыр», — деді.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.