Тараз қаласында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы биыл айрықша кең көлемде аталып өтті.

70
Әз Наурыз әуелі тал егуден басталды. Көне шаһарды көркейтуге бағытталған игі шарада 500-ге жуық тал отырғызылып, қала келбетін одан әрі айшықтай түсті.
Жаймашуақ көктемнің жарқын мерекесіне орай Орталық алаң ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріліп, шаһар тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Орталық алаңнан бастап Желтоқсан көшесіне дейін ақ шаңқан киіз үйлер бой көтеріп, әрқайсысына тағылымды атаулар берілді.
Киіз үйлердің ішкі көрінісі ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұйымдармен қатар, цифрландыру және жасанды интеллект жобаларымен үйлесім тауып, дәстүр мен заманауи технологияның сабақтастығын айқын көрсетті.
Мереке аясында арқан тартыс, ләңгі тебу, асық ату, қол күресі, қазақша күрес секілді ұлттық ойындардан тартысты бәсекелер ұйымдастырылып, қатысушылар өзара мықтыны анықтады.
Сондай-ақ қолөнершілердің көздің жауын алатын туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
✅ Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері халықпен бірге киіз үйлер мен көрмелерді аралап, мерекелік думанды тамашалады.
✅ Іс-шара барысында «Жаңа күн» атты театрландырылған қойылым сахналанып, Наурыздың мән-мағынасы көркем түрде бейнеленді.
✅ Сонымен қатар Қанат пен Света Айтбаевтар, Айгүл Қосанова, Досымжан Таңатаров, Нұрлан Әлімжан, Айгерім Қалаубаева және Қырғыз Республикасынан келген Каныкей Раймалиева сынды танымал эстрада жұлдыздары ән шырқап, мерекенің ажарын аша түсті.
✅ Көңілді думан кешкі сағат 19:00-де өткен гала концертке ұласты.
✅ Кеш барысында Нұрлан Әлімжан, Айгерім Қалаубаева, Баянсұлу және Түркия еліне танымал Мурат Япрак сынды өнер жұлдыздары ән шырқап, жұртшылықты қуанышқа кенелтті
✅ Осылайша, Тараз төрінде өткен Әз Наурыз мейрамы ұлттық рухты ұлықтап, көпшілікке ұмытылмас әсер қалдырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.