Мәжіліс мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

33
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2026 жылғы 18 наурызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат мемлекеттік қызмет моделін жаңғыртуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген.
Жаңа редакциядағы заңның негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру.
«Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізуді көздейді. Заңнамалық деңгейде азаматтармен және ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау талаптары бекітіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер өтініш берушілерге белгіленген мерзімде толық әрі жан-жақты жауап беруге міндетті болады. Сонымен қатар өтініштерді формальды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол берілмейді», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.
Сондай-ақ азаматтарға құжаттардағы қателерді, дәлсіздіктерді немесе сәйкессіздіктерді түзету мүмкіндігі беріледі.
Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заң жобасында мемлекеттік қызметке түсуге даярлау институтын енгізу қарастырылған.
Жоғары оқу орындарының студенттері бакалавриат бағдарламасы бойынша оқумен қатар ерте кәсіби бағдардан өте алады. Оқу аяқталғаннан кейін түлектер мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру.
Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және білікті мамандарды ұстап қалу мақсатында заң жобасында көлденең мансаптық өсу механизмі көзделген.
Бір лауазым шеңберінде бірнеше лауазымдық деңгей белгіленеді. Қызмет деңгейін көтеру мемлекеттік қызметшінің қызмет тиімділігін бағалау нәтижелеріне байланысты болады.
Құжат мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуді де қарастырады.
Атап айтқанда, артық жұмыс уақыты, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу, мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс беру, сондай-ақ некеге тұру, баланың дүниеге келуі немесе жақын туысының қайтыс болуы сияқты өмірлік жағдайларға байланысты қысқа мерзімді демалыс қарастырылған.
Сонымен қатар заңсыз жұмыстан босатылған немесе қызметі төмендетілген жағдайда мемлекеттік қызметке қайта қалпына келтірілген қызметкерлерге өтемақы төлеу нормасы енгізіледі.
Заң жобасы тәртіптік жауапкершілік мәселесінде икемді тәсілдерді енгізуді көздейді. Тәртіптік істерді қарау кезінде жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар қатар ескерілетін болады.
Мамандардың пікірінше, ұсынылып отырған нормаларды іске асыру мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.