«Органның» адамы жолда арандатып жүр – Астанада журналист біртүрлі жағдайға тап болды

90

Астанада журналист Тимур Асылханов жол үстінде ерекше оқиғаға тап болды. Ол түсірілімнен келе жатқанда алдынан жолын бір көлік бөгеуге тырысқан. Журналист мұны жай қалдырмай, бүкіл оқиғаны таспаға түсіріп, желіге жариялады.

«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері «автоподставамен» (автокөлік арқылы адамды арандату) айналысып жүр. Бір түсірілімнен келе жатсақ, жолда алдымызды кес-кестеп бір көлік шыға келді. Бір жай киініп алған полиция қызметкері. Арандатып жүрген сол», – дейді журналист.

Желіде Асылханов өзі айыптаған кісінің түрін де көрсетті. Көлік ішіндегі адамға «сыртқа шығыңыз» дегенімен, іштегі жігіт сыртқа шықпай қойған. Оның орнына жалма-жан біреуге телефон соғып жатқаны көрінеді.

Видеода Тимур Асылханов расында да, көліктегі жігіттің жол бойында келе жатып, жолын кес-кестеп алдына шыққысы келгенін көрсеткен. «Тоқта» деген сөзге тоқтамаған жігіт түрін бұзып, өзін біртүрлі ұстайды. «Терезеңді түсір» деген сөзді де ол құлаққа ілмеген.

Журналист жазба жариялаған соң Астана қаласы полиция департаменті бұл оқиғаға реакция білдіріп, көліктегі жігіттің полицияға түк қатысы жоқ екенін мәлім етті.

«Екі көліктің жүргізушісі жол ережесін бұзып, апатты жағдайды туындатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Audi көлігінің жүргізушісі полиция қызметкері емес екенін әрі құқық қорғау органдарына қатысы жоқтығын атап өткіміз келеді», – делінген жауапта.

Тимур Асылхановтың өзі расында да, айыппұл алғанын растайды. Ал видеодағы жігіттің ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері екеніне сенімді. ҰҚК өз тарапынан бұл ақпаратты әлі растаған жоқ.

Tizgin.kz. 

Фото: скриншот

Leave A Reply

Your email address will not be published.