Әлеуметтік желілерде өтініш берген барлық азаматтарға әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалады деген ақпарат тарады. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Әлеуметтік көмек – мемлекеттің атаулы қолдау шарасы және белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі. Көмек тағайындау қолданыстағы заңнамада және мәслихаттардың шешімдерінде айқындалған негіздер бойынша жүзеге асырылады, белгіленген талаптарға сәйкестігі құжат жүзінде расталған жағдайда ғана мүмкін болады. eGov порталы арқылы өтініш беру – әлеуметтік көмекке жүгінудің бір тәсілі ғана және оның автоматты түрде тағайындалуына кепілдік бермейді»,- деді министрлік.
Министрлік мәліметінше, көмек алушы санаттардың тізбесі, көмекті көрсету шарттары және қажетті құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке-жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Барлық түскен өтініштер жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралады.