Дайын құжаттарды ХҚКО-дан тәулік бойы алуға болады: постаматтар қалай жұмыс істейді?

40

ХҚКО-дан дайын құжаттарды ыңғайлы уақытта, демалыс және мереке күндері де алып кетуге болады. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, бұл мүмкіндікті тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейтін құжат беруге арналған автоматтандырылған постаматтар қамтамасыз етеді.

Постамат қызмет алушыға дайын құжатты жеке ұяшық арқылы өз бетінше алып кетуге мүмкіндік береді. Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіліп, онда ұяшықты ашуға арналған жеке код көрсетіледі. Сонымен қатар азамат биометриялық сәйкестендіруден өтеді.

Қазіргі таңда еліміздің 10 өңірінде жалпы саны 14 постамат жұмыс істейді. Олар арқылы мемлекеттік қызметтердің 19 түрі бойынша дайын құжаттарды алуға болады. Олардың қатарында туу туралы, некеге тұру, некені бұзу және қайтыс болу туралы қайталама куәліктер, архивтік анықтамалар, сондай-ақ аттестаттар мен дипломдардың телнұсқалары бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Семей, Тараз және Түркістан қалаларының тұрғындары постамат қызметін ең көп пайдаланған.

Айта кетейік, постамат арқылы құжат алу тәртібі қарапайым. ХҚКО-да өтініш беру кезінде азамат дайын құжатты алу тәсілін таңдап, оны автоматтандырылған пункт арқылы алуға келісім беруі қажет. Құжат дайын болғаны туралы SMS келгеннен кейін, оны үш күн ішінде алып кетуге болады. Егер осы уақыт ішінде алынбаса, құжат ХҚКО маманы арқылы әдеттегі тәртіппен беріледі.

2026 жылы постамат арқылы құжат беру қызметінің құны 518 теңгені құрайды.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, постамат қызметі азаматтарға дайын құжаттарды ыңғайлы уақытта алып кетуге мүмкіндік береді және мемлекеттік қызметтерді алу тәсілдерін кеңейтеді. Бұл қызмет әсіресе жұмыс уақытында ХҚКО-ға келе алмайтын тұрғындар үшін тиімді.

Анықтама: постамат орнатылған ХҚКО мекенжайлары

  • Тараз — Төле би даңғылы, 89Г
    • Қордай — Батыс тұрғын алабы, 25

Leave A Reply

Your email address will not be published.