13 ақпанда Алматы қаласында Жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі қалалық Жалпыұлттық коалицияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл маңызды іс-шара алдағы конституциялық реформалар төңірегінде қоғамдық күштердің топтасуының айқын көрінісіне айналып, қаланың саяси және қоғамдық институттарының ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікке дайын екенін көрсетті.
Отырысқа саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың, зиялы қауымның, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, белгілі заңгерлер мен жастар қозғалыстарының белсенділері қатысты. 200-ден астам қатысушы халықпен ашық диалог орнатуға және ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын екендерін білдірді.
Жиынды «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров ашты. Ол өз сөзінде республикалық референдум өткізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құруға бағытталған стратегиялық курс аясында қабылдағанын атап өтті.
Сонымен қатар Жаңа Конституция жобасы кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың нәтижесінде әзірленгені және «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп» қағидатына негізделетіні айтылды. Аталған қағида заң үстемдігін нығайтуды, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруды және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Бұған дейін елордада бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйымды біріктірген «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция құрылған болатын. Осы бастаманың жалғасы ретінде Алматыда қалалық коалиция жасақталып, оның құрамына қоғамдық-саяси кең ауқымды өкілдер енді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша қалалық коалицияның төрағасы болып бірауыздан Алматы қалалық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Мейіржан Отыншиев сайланды.
Мейіржан Отыншиев өз сөзінде коалицияның құрылуы стратегиялық реформалар төңірегіндегі кең қоғамдық бірігудің айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция мемлекеттің құқықтық негізін қазіргі заман талаптарына бейімдейді, билік тармақтарының жауапкершілігін күшейтеді және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады. Оның идеологиялық өзегі – заң үстемдігіне, адам құқықтарын қорғауға және адами капиталды дамытуға негізделген Әділетті Қазақстан қағидаты», – деді ол.
Қазақстан Халық партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Бейбіт Құсайынов алдағы референдумның тарихи маңызын атап өтіп, азаматтарды ашық әрі шынайы ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталды.
«Respublica» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Шолпан Әбдіхалықова Конституция жобасын қоғамдық талқылау үдерісін қолдайтынын білдірді.
Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Асқар Бискультанов билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, парламенттік бақылауды күшейту және адам құқықтарын, соның ішінде цифрлық ортада қорғау кепілдіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті.
«Ауыл» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Ахметбек Қоңырбаев түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.
Отырысқа қатысушылар референдум тікелей демократияның маңызды құралы екенін және азаматтарға елдің саяси әрі құқықтық дамуының болашақ бағытын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешімді халық республикалық референдумда қабылдайды.
Қалалық коалиция Алматының барлық ауданында ауқымды, жүйелі әрі ашық ақпараттық-түсіндіру науқанын бастайды. Оның мақсаты – кең қоғамдық диалогты қамтамасыз ету және қала тұрғындарын конституциялық өзгерістерді талқылауға белсенді түрде тарту.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/276178-qalalyq-koaliciia-almatynyn-barlyq-audanynda-zuieli-tusindiru-zumystaryna-kirisedi