Әлемдегі ең ірі айсбергтің бірі түсін өзгертті

89
Әлемдегі ең ірі айсбергтің бірі түсін өзгертті
сурет: NASA
Әлемдегі ең ірі айсбергтің бірі түсін өзгертті: 9 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz

Антарктиданың мұз жамылғысынан шамамен 40 жыл бұрын бөлініп шыққан алып айсберг қазір Атлант мұхитының оңтүстігінде ыдырау үстінде. NASA таратқан дерекке сәйкес, A23a айсбергі бетінде еріген судан пайда болған көлшіктер мен жарықтар көбейіп, алдағы апталарда толықтай бөлшектенуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылдың көп бөлігінде әлемдегі ең ірі айсберг саналған A23a оңтүстік Атлантикада жүр. Америкалық ғарыш агенттігі 26 желтоқсан 2025 жылы Terra спутнигіндегі MODIS құралы арқылы түсірілген жаңа суреттерді жариялады. Кадрлардан айсбергтің бұрынғы ақ түстен көгілдір түске өзгергені байқалады. Бұл – оның беті еріген суға толғанының белгісі. Бір күннен кейін сол айсбергті Халықаралық ғарыш станциясынан NASA астронавты да суретке түсірген.

Ғалымдар суреттерден мұз массасының біртіндеп қирап жатқанын анықтаған. Колорадо университетінің (Боулдер) аға ғылыми қызметкері Тед Скамбостың айтуынша, еріген су мұз ішіндегі жарықтарды кеңейтіп жатыр. Ал көк және ақ түсті айқын өрнектер айсберг әлі материктегі мұздықтың бір бөлігі болған кезде, жүздеген жыл бұрын пайда болған жыралармен байланысты болуы мүмкін.

Зерттеушілер айсбергтің «ағып жатқанын» да байқаған. Бұл белгілер A23a бірнеше күн немесе апта ішінде толықтай ыдырауы мүмкін екенін көрсетеді. Қазір айсберг су температурасы +3°C болатын аймақта орналасқан, ал ағыс оны ғалымдар «айсбергтер зираты» деп атайтын одан да жылы суларға қарай алып бара жатыр. Соған қарамастан, түсірілім кезінде ол әлі де әлемдегі ең ірі айсбергтердің бірі болған.

A23a айсбергі 1986 жылы Фильхнер шельфтік мұздығынан бөлініп шыққан. Сол кездегі аумағы 4 170 шаршы шақырымды құрап, Санкт-Петербург қаласының аумағынан шамамен екі есе үлкен болған. Ол 30 жылдан астам уақыт Уэдделл теңізінің мұзына қатып жатып, кейін Антарктида жағалауы бойымен баяу қозғала бастаған. 2023 жылдың қарашасында ашық мұхитқа шығып, солтүстікке қарай бет алды. 2025 жылдың басында Оңтүстік Георгия ауданына жетіп, қаңтар мен мамыр аралығында қайтадан тайыз жерге отырып қалған, кейін арал маңында дрейфін жалғастырған.

2025 жылдың желтоқсанында A23a әлемдегі ең ірі айсберг мәртебесін D15A айсбергіне бергені белгілі болды. Сонымен қатар NASA мәліметінше, аумағы 1,5 мың шаршы шақырымнан асатын кемінде тағы екі айсберг – A81 пен B22A бөлініп шығып, солтүстікке қарай қозғала бастауы мүмкін

Leave A Reply

Your email address will not be published.