Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы өңір басшысына аумақтық қорғаныс әлеуетін нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдіріп, бөлімше жеке құрамына кәсіби өсім мен жоғары жауынгерлік әзірлік тіледі.
Аумақтық қорғаныс бригадасы 2019 жылы құрылған. Құрылымдық тұрғыдан ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес өңірдегі аумақтық қорғаныс күштерінің инфрақұрылымының жай-күйіне, жасақталуына және өзара іс-қимылын ұйымдастыруға жауапкершілік облыс әкіміне жүктелген.

Бұған дейін жергілікті бригада қала аумағындағы шағын ғимаратта орналасып келген. Облыс әкімдігі бөлген аумақта жаңа кешеннің пайдалануға берілуімен бөлімшенің мүмкіндіктері едәуір кеңейді.
Аумақтық қорғаныс бригадасының заманауи кешені 200 адамға арналған казармадан, әкімшілік ғимараттардан және жеке құрамды даярлауға қажетті техникалық жарақтандырылған нысандардан тұрады.

Оқу жылы барысында бригадада тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен әскери міндетті азаматтармен тұрақты түрде жиындар өткізіледі. Осылайша стратегиялық нысандарды күзету мен ерекше кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған сапалы даярланған әскери резерв қалыптастырылады.