Ардақты ағайын!
Бүгін елорда төрінде Республикалық «Рухтастар» сыйлығын табыстауға арналған салтанатты жиын өтті.

Партиямыздың «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен бесінші жыл қатарынан өткізіліп отырған байқауға биыл 500-ден астам өтінім келіп түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды әрдайым қолдап, оларды ел дамуының негізгі күші ретінде қарастыратынын үнемі айтып жүргенін білесіздер. «AMANAT» партиясының да барлық күш-жігері осы міндетке бағытталған. Бұл іс-шара – соның айқын көрінісі.

Бүгін марапатталған азаматтарды өз ісіне адал, ізденімпаз әрі жауапкершілікті сезіне білетін нағыз жаңа буын өкілдері деп сеніммен айтуға болады. Олар кәсіби біліктілігімен, азаматтық белсенділігімен және бастамашылдығымен көпке үлгі болып жүр.
Мәселен, төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек жеткізіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсеткен Зият Садвакасов – «Жылы жүрек» жыл волонтері номинациясын еншіледі.
Дәл осы номинациямен қоғамдық бастамаларға, әлеуметтік жобаларға және жастар саясатына бағытталған іс-шараларға тұрақты түрде атсалысып жүрген Разия Қалиасқар марапатталды.
«Қайсар» жыл батыры номинациясын иеленген Ерасыл Омарханов Үлбі өзені бойында болған төтенше жағдай кезінде судың қатты ағысына қарамастан, бүлдіршіннің өмірін сақтап қалып, ерлік танытты.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында біз арнайы «Ыстық қайрат» номинациясын тағайындап, оны ел игілігі жолындағы ерең еңбегімен көзге түсіп жүрген Жангелді Жанат пен Асылхан Тұрғамбековке табыстадық.
Экотуризмді дамытуға және табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды қолға алған Екатерина Орлова «Жылдың әлеуметтік жобасы» номинациясында жеңімпаз атанды.
«Нұрлы ақыл» үздік жас ғалым аталымына PhD докторы, 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы Алтынай Жакатаева лайық деп танылды.
Жиын барысында тағы бірқатар аталымның үздіктері ұлықталып, лайықты құрметке бөленді.
«Рухтастар» жастар сыйлығының барша иегерін шын жүректен құттықтаймын!
Жасампаз жастарымыз жасай берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз баянды болсын!