Ербол Мырзабосынов әйгілі боксшы Рой Джонспен кездесті

22

https://turkystan.kz/article/272488-erbol-myrzabosynov-aigili-bokssy-roi-dzonspen-kezdesti

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әуесқой бокстан Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокстан абсолютті әлем чемпионы, әйгілі боксшы кіші Рой Джонспен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында министр кіші Рой Джонстың Қазақстанға арнайы жасаған сапары үшін алғыс білдіріп, оның заманауи бокс тарихында алар орны ерекше екенін атап өтті. Кіші Рой Джонс – спорттағы бірегей шеберлігімен, ерекше стилімен және тарихи жетістіктерімен әлемдік бокстың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

«Әлемдік спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылған, заманауи бокстың ұлы тұлғаларының бірі ретінде елімізге келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің спорттағы теңдессіз жетістіктеріңіз, жарқын мансабыңыз бен бірегей шеберлігіңіз әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас спортшыларға шабыт сыйлағаны сөзсіз. Отандық боксшылар әрдайым Сізді кәсіби шеберлік пен адамгершіліктің үлгісі ретінде үлкен құрметпен бағалайды. Бокстың дамуына қосқан баға жетпес үлесіңізді, сондай-ақ жастармен жүргізіп келе жатқан белсенді жұмысыңызды жоғары бағалаймыз», – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесу соңында тараптар боксты дамыту, жастар спортын ілгерілету және халықаралық әріптестікті нығайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Министр кіші Рой Джонстың Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Кіші Рой Джонс – Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокста бірнеше салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған бірегей спортшы. Ол 1990 жылдары «онжылдықтың боксшысы» атағына ие болып, әр жылдары pound-for-pound рейтингінде көш бастады. Сонымен қатар кәсіпқой бокстағы бірқатар рекордтық көрсеткіштері мен тарихи жетістіктері арқылы кеңінен танымал.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/272488-erbol-myrzabosynov-aigili-bokssy-roi-dzonspen-kezdesti

Leave A Reply

Your email address will not be published.