Сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін күрделі құбылыс. Ол қоғамдағы әділдік принциптерін әлсіретіп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендетеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу тек құқықтық шаралармен ғана шектелмей, кең ауқымды мәдени және тәрбиелік жұмысты қажет етеді. Бұл – бүкіл қоғам болып қолға алынатын ортақ міндет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет ең алдымен адам санасынан басталады. Жеке тұлға өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, кез келген жағдайда адалдық пен әділдікті таңдағанда ғана қоғамда парасаттылық қағидаттары орнығады. Мұндай мәдениетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесі, білім беру мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық ұйымдар маңызды рөл атқарады.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелік сағаттарды, тренингтерді, семинарларды жүйелі түрде өткізу – жастардың санасына адалдық құндылықтарын ерте жастан сіңіруге ықпал етеді. Жастар бейсаналы түрде адал еңбектің қадірін түсініп, әділдікті басты өмірлік ұстанымға айналдырады.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де қоғамда ашықтықты насихаттап, жемқорлықтың зияны туралы нақты ақпарат беру арқылы маңызды қызмет атқарады. Парасаттылық идеологиясын кеңінен тарату – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтудың тиімді құралы.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексін сақтауы, мемлекеттік органдардың ашық жұмыс істеуі, басқару процестерінің цифрландырылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен есептілік артқан сайын қоғамның сенімі де күшейе түседі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі үздіксіз процесс. Бұл бағытта әрбір азамат өзіндік үлес қоса алады: пара беруден және пара алуға жағдай жасаудан бас тарту, заң талаптарын сақтау, әділдікті қорғау – қарапайым, бірақ шешуші қадамдар.
Қоғам адалдық пен әділдік құндылықтарын кеңінен қабылдаған кезде ғана нағыз парасатты ұлт қалыптасады. Сол себепті сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту – еліміздің дамуы мен болашағы үшін маңызды міндет.Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік–әлеуметтік тапсырысы аясында әзірленді.
Аянат Мақұлбек