Қазақта, «Ақынын ардақтаған ел азбайды» деген даналық сөз бар. Ауданымыздан шыққан ақын — жазушыларымыз шығармашылықтың шыңына шығып, әдебиет айдынында өзіндік қолтаңба қалдырып келеді.
Осы орайда, аптаның бейсенбісінде аудандық мәдениет үйінде «Маралтай оқулары» атты республикалық шығармашылық байқауы өтті.

Келушілер алдымен мәдениет үйінің фойесінде ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысты. Алғаш рет республикалық дәрежеде ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, Маралтайдың шығармашылығына тоқталып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға сәттілік тіледі.


Өнер бәйгесінде озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, статуэткалар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Аудандық мәдениет үйінің әншілері байқауға келген қонақтарға арнап рухты әндерін шырқады. Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасының орынбасары, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлы жерлестер алдында тебірене сөйлеп, байқауды жоғары деңгейде өткізуге мұрындық болған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.