АУДАННЫҢ СУ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

66
Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалында Партия жанындағы Саяси кеңестің отырысы өтті. Жиынға партияның аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев төрағалық етті. Отырысқа аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, Саяси кеңес мүшелері, сондай-ақ Қылышбай ауылдық округі әкімі аппараты мен ауыл тұрғындары қатысты.
Күн тәртібінде аудан елдімекендері мен тұрғындардың суармалы егістік алқаптарын 2026 жылы ағын сумен қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы шаралар қаралды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Қ.Төлеубеков баяндама жасап, алдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында қатысушылар жақын арада Радай арнасына шлюз орнату жоспарлана ма, биыл ауылдарға ауыз су мен егістік суының жетпеу себептері қайталанбай ма, ауыз су тапшылығын болдырмау үшін қандай шаралар қарастырылып жатыр, жаңа технологиялар қолдану мүмкіндігі бар ма деген бірқатар өзекті сұрақтарын жолдады. Баяндамашы әр сауалға жан-жақты әрі нақты жауап берді. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, 2026 жылы биыл орын алған мәселелердің қайталанбауы үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Арналарды механикалық тазалау жұмыстары басталған, тиісті органдарға хаттар жолданып, қажетті құжаттар сараптамадан өтуде.
Талқылау нәтижесінде Радай арнасына шлюз орнатуға қаржы қарастырылса, ағын су мәселесі айтарлықтай шешілетіні атап өтілді. Сонымен қатар магистральды арна арқылы су жеткізу жүйесін жетілдіру, «ҚазСуШар» мекемесімен егіншілер арасында ортақ келісімшарт жасау, аудандағы барлық көпірлердің жағдайын қайта қарап, жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Кометов» каналын қалпына келтіру және гидроқондырғыларды жаңғырту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Әсел ҚУАНЫШ,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.