Сауран Қалиұлы: «Әр артефакт – ата-бабамыздың үнсіз аманаты»
Жамбыл облысында тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында маңызды бастама жүзеге асты. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мамандары мен археолог-өлкетанушы Сауран Қалиұлының қатысуымен волонтерлерге арналған «Археологиялық зерттеулердің әдістері мен жүйесі. Күнделік жүргізуді үйрету» атты семинар-сабақ өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – волонтерлер мен жас зерттеушілерге археологиялық зерттеу әдістерін үйрету, далалық жұмыстарды жүйелі түрде тіркеудің маңызын түсіндіру және ғылыми күнделік жүргізу тәсілдерін меңгерту болды.
Семинар барысында қатысушылар археологиялық жазбаларды дұрыс толтыру, қазба нысандарының сипаттамасын жазу, өлшем мен белгілерді нақты көрсету секілді практикалық дағдыларды тәжірибе жүзінде орындады. Волонтерлерге арнайы блокноттар таратылып, күнделік жүргізудің ғылыми әдістемесі түсіндірілді.
Археолог-өлкетанушы Сауран Қалиұлы семинар барысында өз тәжірибесімен бөлісіп, археология ғылымының терең мәні мен ел тарихындағы орнын атап өтті:
– Біздің еліміз тарихи және мәдени мұраларға өте бай. Әсіресе Жамбыл өңірі – адамзат өркениетінің ежелгі іздері сақталған қасиетті мекендердің бірі. Археология – бұл жай ғана қазба жұмыстары емес, ол – өткен мен бүгінді жалғайтын көпір. Әрбір табылған артефакт – ата-бабамыздың өмірінен, тұрмысынан, мәдениетінен сыр шертетін үнсіз аманат, – деді ол.
Сонымен қатар ол волонтерлердің археологияға деген қызығушылығы мен белсенділігін жоғары бағалап, олардың еңбегі болашақта ел тарихын терең тануға жол ашатынын айтты.
Семинардың нәтижесінде қатысушылар археологиялық зерттеулердің ғылыми негіздерін игеріп, дала күнделігін жүргізудің тәртібімен танысты. Іс-шара жас зерттеушілердің теориялық және практикалық білімін жетілдіріп қана қоймай, тарихи мұраға деген жауапкершілік сезімін күшейтті.
Мұндай жобалар өңір жастарының археология мен мәдени мұра саласына қызығушылығын арттырумен қатар, ұлт тарихына деген құрмет пен азаматтық сананы қалыптастыруға зор ықпал етеді.