Жамбыл облысында «Ақтоғай» үңгірін зерттеу жұмыстарына 60 волонтер қатысты
Жамбыл облысының Сарысу ауданында орналасқан «Ақтоғай» үңгірінде тас ғасырына жататын археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарына кәсіби археологтармен бірге 60-қа жуық волонтер қатысты.
«Ақтоғай» үңгірі теңіз деңгейінен шамамен 450 метр, ал жер деңгейінен 60 метр биіктікте орналасқан. Ол Үлкен Ақтау тауының батыс беткейінде, Ақтоғай өзенінің шатқалының оң жағында, Ақтоғай ауылының батыс шетінде орналасқан тарихи нысан.
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, Қаратау тау жүйесінде 95 үңгір анықталған. Солардың ішінде ең көне әрі ерекше археологиялық құндылыққа ие нысандардың бірі — дәл осы «Ақтоғай» үңгірі. Бұрын жүргізілген қазба барысында 23 мың жыл бұрынғы бұйымдар табылған.
Биылғы маусымда волонтерлер мен археолог мамандар бірлесіп үңгір аумағында ескерткіштердің құрылыс материалдарын анықтап, табылған артефактілерді тіркеу және жүйелеу жұмыстарын жүргізді. Әрбір жәдігер мұқият сипатталып, арнайы журналдарға енгізілді. Материалдардың түрі, көлемі мен орналасу тереңдігі сияқты деректер ғылыми қорытынды жасауға негіз болды.
Қазба жұмыстары аяқталған соң арнайы қорытынды жиын өткізіліп, белсенді қатысқан волонтерлерге алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.
Жоба волонтерлердің археология саласына қызығушылығын арттырып қана қоймай, жастардың тарихи-мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыруға және елдің өткенін тануға үлес қосты.