XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында 12 жамбылдық спортшы бақ сынауда

61
Жапонияның астанасы Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Жамбыл облысынан 7 спорт түрі бойынша 12 спортшы ел намысын қорғауда.
Олардың қатарында еркін күрестен Ғабит Есжанов, Ғасыр Тұрғынбай, грек-рим күресінен Абзал Досжанов, дзюдодан Айдос Түгелбаев, Анна Краморова, Фериде Кара-оглы, Эвелина Егембердиева, таеквондодан Олжас Рысжанов, Мәди Сейсенбаев, жүзуден Софья Закутняя, жеңіл атлетикадан Яна Сибирякова және үстел теннисінен Күлжамилә Әділова бар.
Байрақты дода өз салтанатты ашылуымен есте қалды. Еліміздің Мемлекеттік Туын ұстап шығу құрметі жамбылдық спортшылар – Айдос Түгелаев пен Анна Крамороваға бұйырды.
Жекелей сайыс нәтижесінде дзюдодан 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Анна Краморова қола медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлделердің бірін салды.
Командалық сындарда да жамбылдық дзюдошылар жарқырай түсті.
Қазақстан ерлер құрамасы қарсыластарынан басым түсіп, алтын медальды жеңіп алды. Бұл құрамда жамбылдық Айдос Түгелбаев өнер көрсетті.
Әйелдер құрамасы жоғары деңгейдегі шеберліктің арқасында күміс медальға ие болды. Тұғырдан көрінген команда сапында жамбылдық спортшылар Фериде Кара-оглы мен Анна Краморова бар.
Айта кетейік, 15–25 қараша аралығында өтетін Сурдлимпиада ойындарына 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплина бойынша сынға түсуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.