Ардагерлер ел ертеңіне алаңдаулы

28

Білім ордаларында буллинг пен әлімжеттік әлі тыйылмай тұр

Бүгін Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан және заң мен тәртіп – әділ қоғам» атты қала ардагерлерінің «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, мемлекетіміздің өркендеуі ең әуелі заң мен тәртіптің берік сақталуына тікелей байланысты екенін тілге тиек етті.
– Заң – әділдіктің айнасы десек, тәртіп – сол заңның өмірдегі көрінісі. Осы екі қағида үстемдік құрғанда ғана, қоғамда тұрақтылық пен сенім болатыны сөзсіз. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек», – деген болатын. Президентіміздің осы сөзі біздің бүгінгі жұмысымыздың мәні мен мақсатын айқындап тұр.
Әрине, жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі – идеологиялық және тәрбие жұмыстары. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында нақты әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл тұрғыда бірқатар мәселенің де бар екенін жасырмады.
Оның айтуы бойынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша қала аумағында жалпы алаяқтық қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 79,1 пайызға өсіп отыр. Оған азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігі негізгі себеп болып отыр екен. Сондықтан тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін ақпараттық материалдар әзірлеп, медиа кеңістіктің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, нақты іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігі туындап отырған көрінеді.
– Сондай-ақ шаһардағы білім ошақтарынан өткен жылы 228 жасөспірім профилактикалық есепке алынса, биыл 260 бала есепке ілінді. Сонымен қатар осы 9 ай ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен 37 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың деңгейінде қалып отыр. Ал қылмыстың негізгі себептері әлеуметтік мәселелердің артуы, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздік мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігінен туындаған.

Жасөспірімдер арасында өткізілген соңғы сауалнама нәтижесінде қаладағы 75 мектептің 57-де буллинг, әлімжеттік деректері әлі де бар екені анықталды. Осы көрсеткішке қарап-ақ балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, терең әрі жан-жақты зерделеу керектігі айқын аңғарылуда, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Азимов, қалалық «Отбасын қолдау орталығының» директоры Бақыт Жақсылықова, қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек, «Әулиеата» мешітінің наиб имамы Амангелді Иембергенов және бірқатар ардагер заң мен тәртіптің үстемдігі, отбасындағы тәрбие, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Басқосуды қорытындылаған қала әкімі көтерілген әрбір мәселенің шешу жолдарының жаңа форматын енгізіп, бүгінгі қоғамға сай формуласын әзірлеу қажеттігін және бұл бойынша жан-жақты, бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін атап айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.