Осыдан он жыл бұрын қазіргі облыстық «Ақ жол» газетінің редакторы Оралхан Дәуіт «Егеменнің», мен «Айқынның» Жамбыл облысындағы меншікті тілші кезіміз. Облыстық ішкі саясат басқармасынан қыздар хабарласып, әртүрлі шараларға жиі шақырып тұрады. Бірде бір жиында отырсам, ішкі саясаттың бір қызы келіп: «Оралхан аға, Ерман аға келмеді ме?» — дегені маған қарап.
— Айналайын-ау, Ерман келді, — десем.
— Қайда отыр? — дейді.
— Алдыңда отырмын, — деймін. Сөйтсем, әлгі қарындас менің нөміріме Оралхан деп, Оралханның нөміріне Ерман деп жазып қойыпты. Екеумізді етене танымаған соң жиі шатастыратын көрінеді. Бұл әңгімені кейін Оралханға да айтып, бір күліп алғанымыз бар.
* * *
Қош! Бүгін бір мекемеге барғанмын ақпарат алайын деп. Мекеме басшысының орынбасары жақсы жігіт екен. Жақсы күтіп алып, ғимараттың жаңадан ғана күрделі жөндеуден өткенін айтып, қызметкерлермен таныстырып жүр.
Мен келген мәселемді айттым.
— Сіздің сұрағыңызбен мына маман айналысады, — деп бір жігітті нұсқады да:
— Бұл ағаң Оралхан Дәуіт деген журналист. Облыстық мәслихаттың депутаты. Сұраған мәліметтерді тауып бер, — деп мені таныстырды да шығып кетті. Аң-таң болып мен қалдым.
Мен мән-жайды жас маманға түсіндіріп, әлгі орынбасардың есігін қақтым.
— Келіңіз, жұмысыңыз бітті ме, — деп-ақ жатыр елпілдеп.
Мен оған не болғанын түсіндіріп жатырмын.
— О, аға айып етпеңіз, бұрыннан көз таныс болған соң шынымды айтсам екеуіңізді шатастырамын дейді. Оған да біраз күліп алдық.
P/S. Мына сурет дәл он жыл бұрын журналистер күнінде түскен сурет екен.