Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікте

41
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосуда өңірдің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетуде.
Өңірдің жалпы экономикалық өсімі 10,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп, құрылыс, байланыс, ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салаларында оң динамика байқалады.
Өнеркәсіп саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді – облыс кәсіпорындары 967,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 18,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында бірінші орынға ие болды.
363 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 214 млрд теңге, мал шаруашылығы – 148 млрд теңге.
Биыл облыстағы егістік алқабы 639,7 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артты (2024 жылы – 626,8 мың гектар).
21 қазандағы жағдай бойынша облыс диқандары 396,1 мың тонна дәнді дақыл, 31,3 мың тонна майлы дақыл, 206,5 мың тонна картоп, 1208,5 мың тонна көкөніс, 389 мың тонна бақша өнімдері мен 27,5 мың тонна қант қызылшасын жинап үлгерді.
Инвестиция тарту саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Негізгі капиталға 491 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 398,8 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артық. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға шықты.
– Экономиканың дамуы ең алдымен инвестиция тартуға тікелей байланысты. Бұл бағытта жүйелі жұмыс атқару – уақыттың талабы. Өңірдің әлеуеті зор, әсіресе туризм саласын өркендетуге мүмкіндік мол. Сол себепті қазір туризм және инвестиция басқармасын құру жұмыстары қолға алынуда. Жаңа құрылым білікті мамандармен жасақталып, нақты нәтижеге бағытталған істермен айналысуы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.
Құрылыс саласында 254,9 млрд теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 16,5 пайызды көрсетті. Сонымен қатар 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сауда айналымы 752,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бөлшек сауда 2,6 пайызға артып, 419,5 млрд теңгеге, ал көтерме сауда 0,1 пайызға өсіп, 331,1 млрд теңгеге жетті.
Көлік қызметтері 469,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті.
Дегенмен, Сарысу және Мойынқұм аудандарында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі, Қордай ауданында инвестиция мен жеке инвестиция тарту деңгейі, сондай-ақ Мойынқұм мен Шу аудандарында құрылыс жұмыстарының көлемі, ал Жамбыл ауданында тұрғын үй құрылысы бойынша көрсеткіштер төмен деңгейде қалып отыр.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді. Өңір экономикасы өсім үстінде, алайда бұл қарқынды одан әрі арттыру қажет. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Әр жоспарлы кезеңде мақсаттарға уақтылы қол жеткізілмесе, кейін оны орындау қиынға соғады. Біздің жұмысымыз ең алдымен экономикалық даму көрсеткіштері мен халықтың тұрмыс сапасы арқылы бағаланады. Бұл – жергілікті атқарушы органдарға қойылған басты талап.
Қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз қажет. Негізгі мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, белгіленген жоспарларды сапалы орындау, – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев бірқатар аудан мен басқарма тарапынан жұмыстарды жоспарлау және оларды іске асыру барысында жүйелі кемшіліктердің әлі де жойылмай отырғанын баса айтты.
Сонымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерлету, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселесіне де назар аударды.
Кеңейтілген кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына кері әсер етіп отырған олқылықтар үшін бірқатар жауапты тұлғаның жауапкершілігі қаралды.
Атап айтқанда, инвестиция және жеке инвестиция тарту көрсеткіштерінің орындалмауына байланысты Қордай ауданының әкіміне – «ескерту», оның орынбасарына – «қатаң сөгіс», сондай-ақ Мойынқұм ауданы әкімінің өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция салаларына жауапты орынбасарларына – «қатаң сөгіс», Шу ауданы әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасарына да – «қатаң сөгіс» берілді.
Ербол Қарашөкеев жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген жағдайда Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігі қаралатынын ескертті.
Жиында бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімі есеп берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – орындаушылық тәртіптің жай-күйі жөнінде облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың баяндамасы тыңдалды.
Өңір басшысы әр тапсырманың артында халықтың қажеттілігі мен сұранысы тұрғанын атап өтіп, орындаушылық тәртіп бойынша кемшіліктерге жол берген мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізізуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.