ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ КӨРЕГЕНДІГІ

112
Жаз айы. Түс ауа бастаған кез. Ошақ басында ақ самаурын қайнап тұр. Үй иесі әйел дастарқан жайып, бір ыдысқа қымыз құйып дайындап қойыпты. Ағалы-інілі екі адам далада дауыстары шығып, әлденеге ренжіседі. Үйдегі әйелге анда-санда «тай» деген сөздері ғана естіледі. Әйел істің мән-жайын бірден түсінді. Күйеуі көптен бері науқастанып, жылқыға бара алмай, інісін жіберген еді. Шамасы, інісі бір жайсыз хабар әкелген болды ғой. Сол жайды сезген әйел барынша мейірімді үнмен: «Үйге кірсеңдерші!» деді. Екі адам үйге кіреді, бірақ үлкені сызданып, ашуы сыртына теуіп: «Ой, өңшең арамтамақ, дұрыстап қарау керек еді ғой! Сені де кісі деп сендім-ау», – дейді. керек ел бері кішілік сақтап, өзін сабырлы ұстаған жас жігіттің өңі қашып, сұрланып кетеді. Аузына сөз түспей, жұдырығы түйіліп кеткенін жеңгесі байқап қалады. Ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай жас жігіт егде тартып қалған ағасынан күші басым екені белгілі. Ашу адамға не істетпейді деп үрейі ұшып кеткен әйел сөзге араласып: «Ой, тайың бар болсын, тайың бар болғыр! Кешке дейін күнге қақталып, жол жүріп келген адамды бір тай үшін өлтіретін бе едің? Шықшы өзің үйден, Кенжем демін алып, сусын ішсін! Шайын ішіп жайлансын, содан кейін де сөйлесуге болады гой. Ұрыспақ түгіл, ұрып алсаң да өзіңдікі, сенің қолыңнан ешкім алмайды, бар дедім ғой саған!» — деп, күйеуін үйден шығарып жібереді. Қайнысы жеңгесі ұсынған бір тостаған қымызды бір-ақ тартып, тер шығып, жастыққа шынтақтап алып, демін алады. Жеңгесі шай дайындайды. Арасында екеуі күбірлеп сөйлесіп, күліп қояды. Дастарқан дайын болып, қайнысының көңілі жайланған кезде, әйел тағы сөзін бастайды: «Немене, тай жоғалған ба? Біздің үйдегі жаман ағаң сонша тулады ғой»,- деді. Жігіт: «Иә, ала тай жоғалып еді, жылқышылар іздеп жатқан. Табылған болар, тал түсте қайда кетсін!» деді. «Ағанның ауырғаннан бері мінезі өзгеріп кетті. Олай-бұлай бола кетсе, малға ие болатын ұлы жоқ. Қыздар жайына кетеді ғой! Бар сенері жалғыз сен болған соң, шаруаға мығым болсын деп қайраған түрі ғой, болмаса ағаңа сенен кім жақын, ренжіме оған! «Айтымы жылдамның, қайтымы да жылдам» деген, қазір-ақ басылады. Айтпақшы, ол байғұс та шай ішкен жоқ еді. Шақырып келші, ендігі өзі де артық сөзіне опынып жүрген шығар!» дейді. Қайнысы жеңгесінің тілегін орындап, ағасын шақырып келеді. Үшеуі дастарқан басында отырып, шүйіркелесіп шай ішеді.
Міне, қазақ ұғымындағы жақсы әйел осылай, отбасының, туысқандар арасының бірлігін, татулығын сақтайды. Осы көрініске ой жүгіртсек, әйелдің ақылы мен сөз саптау айласына таңғалмасқа болмайды. Ағасы мен інісі енді болмағанда, төбелесуге келгенде, әйел күйеуіне қатты сөйлеп, үйден шығарады. Әншейінде қазақ әйелі күйеуіне олай сөйлемейді. Бұл жердегі әйелінің ісі орынды екенін түсініп, күйеуі де әйелін тыңдайды. Егер тыңдамаса, інісімен төбелесіп қалуы да мүмкін еді. Төбелесіп қалып, інісінен таяк жесе, жасы үлкен ағасына Ұмыта алмайтындай қорлық болар еді. Осы арада қайнысына ара түсіп, інісін ақылмен тоқтатты. Әйелдің демін алғаннан кейін: «Ұрыспақ түгіл, ұрсаң да өз інің гой!» деуі күйеуіне ұрысқан болып, інісіне сабақ беріп, «ағаң ұрса да, қарсыласпа, жасын сыйла!» — дегені. Әйелдің бұл ақылын ашу басылған кезде ағасы да, інісі де түсінеді. Соның арқасында араздықтың оты сөніп, шайқалып кете жаздаған шаңырақ орнында қалады.
«Ұлттық тәрбие тағлымы» кітабынан.
Авторы: Мүсилима Құдайбергенқызы Жұбанова.
Оңдасын Оразов

Leave A Reply

Your email address will not be published.