Жамбыл облысында 136 жоба бойынша жол салу, жаңғырту және жөндеу жұмыстары аяқталды

56
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жол құрылысының барысы және алдағы қысқы маусымға дайындық мәселесі қаралды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың мәліметінше, биыл жол саласына 28 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы есебінен 17,7 шақырым жаңа жол салынып, 6 көпірдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 8 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 440,5 шақырым жол орта жөндеуден өтуде.
Барлығы 184 жоба жүзеге асырылуда. Оның 23-і – 2024 жылдан өтпелі, ал 161-і – жаңа жобалар. Бүгінгі күнге дейін 136 жобаның құрылысы аяқталып, 48-інде жұмыстар жалғасып жатыр.
Дегенмен, Тараз қаласы мен Т. Рысқұлов, Қордай аудандарында кейбір нысандардың кестеден кешігуі байқалады.
Кеңес барысында алдағы қысқы маусымға дайындық барысы да пысықталды. 2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға 385,5 млн теңге бөлініп, бұл жұмыстарға 27 мердігер ұйым мен 178 техника бірлігі тартылмақ. Қазіргі таңда 14 925 тонна құмның 7 075 тоннасы, 1 500 тонна тұздың 860 тоннасы дайындалған.
Алайда Талас пен Т. Рысқұлов аудандарында қысқы күтіп ұстауға арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылмаған, ал Жуалы ауданында бұл жұмыстар әлі аяқталмаған.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындық деңгейі 98 пайызды құрайды.
– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қысқы күтіп ұстау мәселесі – тұрғындардың қауіпсіздігі мен өңірдің өміршеңдігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан барлық жұмыстар уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Дайындықтарыңызды қыс көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жол жөндеу жұмыстарын 1 қарашаға дейін толық бітіруді, сондай-ақ қысқы күтіп ұстауға арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін 25 қазанға дейін толық аяқтауды талап етті.
Басқосуда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.
Облыс әкімі бағаның шекті мәннен аспауын қатаң бақылауда ұстап, анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.