Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отбасы күнімен құттықтауы

60
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке.
Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады.
Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек.
Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана – Жер-Ана» – адамзат өркениетінің өзегі.
Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек.
Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді.
Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын!
Барша отандастарымызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.